Оралда эвакуация орталықтары жабылды, ал Ақтөбе облысында бәріне ақша аударылды
Оралда тасқыннан зардап шеккендер үшін ашылған эвакуация орталықтары жабылды. Ал үйі әлі суда тұрған және барар жері жоқ тұрғындар жатақханаға орналастырылған. Мұнда бір реттік қаржылай көмекті әлі үш мыңдай адам күтіп отыр. Көршілес Ақтөбе облысында өтініш бергеннің бәріне ақша аударылыпты. Бұл өңірде әзірге тек бір ауылда ғана қауіп бар.
Автор: Жаңалық Ахаш
13.05.2024
Ақтөбе облысында шалғайда жатқан жалғыз ауылға ғана тасқыннан қауіптеніп отыр. Ырғыз ауданына қарасты Құйылыстың қарттары Торғайдың «бұлай тасығанынан көрмедік» деп отыр. Құтқарушылар елдімекен маңындағы бөгетті күн сайын бекітіп, ернеуінен су шықпауын қағадалап жүр.
Камал Тілеужанов, Тәуіп ауыл округінің әкімі:
— 12 техника дамбаны нығарлап, күшейтіп жатыр. Төрт жүк салғыш, жеті КамАЗ. бір К700.
Ырғыздан бөлек, тасқынға қатысты төтенше жағдай жариялаған өзге бес ауданда бүлінген баспаналарды жөндеу басталды. Әйтеке би ауданында қираған үй орнына 13 шаңыраққа баспананы сатып алып берді. Қалған жиырма үйді жаңадан салып бермекші.
Венера Әлихова, Т.Жүргенов ауылы тұрғыны:
— Дәл қазір дайын үй алуды жоспарлап, сол құжаттармен жүріп жатқан жайымыз бар. Алып жатқан үйіміз қауіпсіз жерде орналасқан, Әйтеке би, тұрғылықты мекенжайдан. Сол Темірбек Жүргенов ауылынан. Үйіміздің көлемі 110 шаршы метр.
Оралда Жайықтың деңгейі түскен. Бірақ қала шетіндегі саяжайларда су әлі кілкіп тұр. Он мыңға тарта тұрғын шаңырағына орала алмай жүр.
Бибігүл Жексенова:
— Әкімдіктен беріп жатыр көмектер. Эвакуация пунктінде жатырмыз. Енді үй берсе деймін. Халықтың бар қалауы сол ғой.
Тасқын кезінде мектептің спорт залдарынан ашылған эвакуация орталықтары Оралда жабылды. Тұрғындардың көпшілігі туыстарын паналап кетсе, 2357 адам жатақханаға орналастырылыпты. Мұнда ас-ауқатын беріп, дәрігерлер бақылауында болады.
Арсен Губашев, Орал әкімінің орынбасары:
— Олардың көбісі спортзалда орналасқан. Енді саяжай тұрғындары, барар жері жоқ адамдар жатақханаға жайғастырылып жатыр.
Қазір 369 мың теңге көлеміндегі бірреттік көмек алуға 8 мыңға жуық тұрғын өтініш білдірген. Оның бес мыңдайына әлеуметтік төлем аударылыпты. Ал Ақтөбе облысында тасқыннан зардап шеккендердің бір реттік көмегі үшін миллиардқа жуық ақша жұмсалған. Оны 2904 тұрғын алды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!