Полицейден қашқан мас жүргізуші аялдамада бес адамды басып кеткен
Жұмысқа бармақ болып бұл жалғанмен қош айтысқан. Алматы облысында полицейден қашқан мас жүргізуші аялдамаға соғылып, көлік күтіп отырған бес адамды басып кеткен. Екеуі сол жерде тіл тартпай кетті. Қалған үшеуі ауруханада жатыр. Қабырғалары мен жамбасы сынған 20 жастағы бойжеткеннің жағдайы ауыр. Ал жүргізуші қамауда отыр.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
13.05.2024
Бұл қайғылы оқиғадан кейін Байсерке ауылының халқы өре түрегелді. Олар осыған дейін жол бойына жарық шамдары мен жүгенсіз жүргізушілерді тәртіпке салатын полиция бекетін қоюды сан мәрте сұрапты.
Түнгі уақыт. Байскерке ауылының маңы. Алғашында шамын қосып полицей көлігі өтеді. Кейін артындағы ЗИЛ жүк көлігі қатты жылдамдықпен келіп аялдамаға соғылады.
— Екі өлген кісі, мына темірдің арасына қысылып қалған. Оны полиция бар, бәріміз сүйреп шығардық. Киімі түгел жыртылып, аяғы бөлініп кеткен.
Сол сәтте аялдамада бес адам отырыпты. Төртеуі бір отбасының адамы. Тұрғындардың айтуынша, бәрі балмұздақ шығаратын компанияда жұмыс істейді. Сол күні түнгі ауысымға түсіп, үйіне жеткізетін көлікті күтіп отырған дейді. Санаулы секундта темірге жаншылып қалатынын кім білген.
Перизат Мұсабаева:
— Біз келген кезде екеуі өліп кетті. Біреуінің аяғы жұлынып, ана жақта жатты. Оны тауып алды. Ал қарындасының жамбасы ашылып кеткен. Сүйегі көрініп жатыр. Келе жатқан ЗИЛ-ды МАИ қуып келе жатқан, артынан. Шилікемерден бері қуып келе жатыр екен. Оны қалай МАИ ұстай алмайды, ЗИЛ машинаны?
Апаттан бері екі күн өтті. Тас-талқаны шыққан аялдама сол күйі тұр. Айналасында дәрігерлер қолданған қолғап пен марқұмдардың жыртылған киімдері жатыр.
Тағы бір айта кететін жайт, автобус аялдамасы негізі мына жақтан басталған. Яғни, бір аяғы осы жерде жатқан. Бірақ күркесі мына жақта мыжылып жатыр. Соған қарағанда, жүк көлігі қарсы бағыттан жүйткіп келіп соққан көрінеді. Дәл сол сәтте аялдамада бес адам болыпты. Оның екеуі бірден ажал құшты. Қазір оқиға орнынан қан іздерін де көруге болады.
Қазір үшеуі ауруханада жатыр. Бас жарақатын алған 1975 жылғы және 2000 жылы туған екі ер адамның жағдайы орташа. Ал арасындағы жалғыз қыздың халі ауыр дейді дәрігерлер.
Нұрлан Әжібеков, Іле ауданы орталық ауруханасы емдеу ісі жөніндегі директордың орынбасары:
— 2002 жылғы қыз бала ауыр, қосарланған жарақат, жабық бас ми жарақаты, миы шайқалған. 3-4 қабырғасы сынған, жамбас сүйегі сынған. Жарақаттан есінен танған диагнозымен жансақтау бөліміне жеткізіліп, бірден көмек көрсетілді. Емдеп жатыр. Жағдайы өте ауыр.
Полицейлер апаттан кейін бірден жүргізушінің қолына кісен салған. Оның мас күйінде көлік жүргізгенін сараптама анықтады. Енді ол кемі 5 жыл немесе 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Меруерт Морякова, Алматы облысы ПД ресми өкілі:
— Медициналық сараптаманың нәтижесіне сәйкес, құқық бұзушы көлікті орта дәрежедегі мас күйінде басқарған. Ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды. Автокөлік арнайы тұраққа орналастырылды. Екі адамның өліміне әкелген апат фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелді. Тергеу а жүргізіліп жатыр.
Қайғылы жағдайдан кейін Байсерке ауылының халқы өре түрегелді. Олар жол бойына жарық қоюыйын жергілікті шенеуніктерден жылдар бойы талап етіп келгенін айтады. Бірақ шағым елеусіз қалған.
Қанат Өскенбаев:
— Бізде мында жарық жоқ. Камера керек. Жер полицейі керек. Күнде қорқамыз. 100 бала оқиды. Таңертең кетеді, түсте келеді. Түсте қайтадан кетеді. Автобустан түседі. Машиналар тоқтамайды. Бұл жерде жылдамдықты шектеу болу керек.
Тұрғындар екі адамның өмірі қиылған осы жәйттан кейін әкімдіктегілер «іске кірісе ме» деген үмітте.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!