«Таза Қазақстан» акциясы Нұра өзенінің Сарқырама сағасында жалғасты
Ақмола облысының Қосшы қаласында «Таза Қазақстан» акциясы Нұра өзенінің Сарқырама сағасында жалғасты.Оған әкімдік қызметкерлері, қала тұрғындарымен қатар «Жасыл ел» жастар жасақтары қатысып жатыр. Биыл екінші маусымын бастаған еңбек жасақтары жаз бойы қаланы көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарымен айналыспақ.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
13.05.2024
Қала мәртебесін енді алған елорда іргесіндегі Қосшы қаласы жанынан өтетін Сарқырама өзені осы жердің көркі десе болады. Қыстан шыққан қоқысты жинап, жағалауды абаттандыру үшін жұртшылық көктем шығысымен жұмысқа кіріседі. Сенбілік ұйымдастыруды жергілікті басшылық өз жауапкершілігіне алған. Қоқыс жинап жүргендердің арасында қала әкімі де бар.
Гайдар Касенов,Қосшы қаласының әкімі:
— Осымен төртінші рет сенбілік өткізіп жатырмыз. Өзен бойында ғана емес, бүкіл қалада, көшелерде, аудандарда. Халық белсенді. кеТайтөбе ауылының тұрғындары әр сенбі қатысып жатыр.
Өздері тұратын үйінің ауласын ғана емес, өзен бойын да жинауға қала тұрғындары жаппай кіріскен. Қыстай жиналған қоқысты шығаруға арнайы техникамен де келіпті. Сарқырама өзенінің бойында бірнеше жекеменшік жағажай бар. Ал мына жер коммуналдық жалғыз жағажай. Қарапайым халық суына шомылып, жағасында демалатын жердің тазалығы бәріне де маңызды әрі азаматтық парыз деп санайды.
Аманкелді Сәдуақасов, Қосшы қаласының тұрғыны:
— Әдемі жағалауды тазарту үшін, азаматтық парызды өтеу үшін келіп отырмыз. Бәрін шақырамыз осындай шаралардан қалмасын. Өйткені ортамыз таза болғаны дұрыс. Бұл бір жағы тәрбиелік шара.
Тәрбиелік шарада әсіресе жастар көп. Осы күні «Жасыл ел»жастар жасағы екінші маусым жұмысын бастап кетті. Биыл Қосшы қаласынан бұл еңбек жасағы қатарындағы жастар саны 80- ге жеткен. Енді жаз бойы жас қаланы көркейтуге үлесін қоспақ.
Байжана Шәмшінұрова, «Жасыл ел» еңбек жасағының мүшесі:
— 2024 жылғы «Жасыл ел» еңбек жасақтары басталды. Іске сәт! Қосшы қаламыз әрі қарай көркейе берсін! Қуаныштымыз ,себебі бұл біздің ортамызды толықтырады. Өмірімізді қызықты етеді.
Сарқырама өзенінің маңы бұл күні біршама тазарып қалды. «Таза Қазақстан» акциясының төртінші аптасы «Мөлдір бұлақ» деген атаумен өтті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!