Қуандық Бишімбаевқа — 24 жыл, Бақытжан Байжановқа — 4 жыл
Қуандық Бишімбаев 24 жылға сотталды. Наурыз айынан бері жалғасқан атышулы процеске Астана соты бүгін нүкте қойды. Алқабилер де экс-министр Бишімбаевты әйелі Салтанаттың өліміне кінәлі деп таныған. Жазасын енді ол қауіпсіздігі ең жоғары түрмеде өтеуі тиіс. Ал осы қылмысты жасырды деп айыпталған Бишімбаевтың інісі Бақытжан Байжанов 4 жыл арқалады.
Автор: Гүлвира Сейтенова
13.05.2024
Астанада бүгін атышулы Бишімбаев ісіне нүкте қойылды. Миллиондаған адам онлайн бақылап отырған сот екі айдай уақытқа созылған болатын. Экс-министр мен оның бауыры Бақытжан Байжановтың тағдырын судья мен алқабилер шешті.
Үкімді тыңдауға жиналғандардың қарасы қалың. Бишімбаевтың анасынан бастап, марқұм Салтанаттың ата-анасы, туыстары, құрбылары түгел дерлік келген. Судья көп күттірген жоқ. Үкімді санаулы минутта оқып шықты.
Айжан Құлбаева, судья:
— Сот Қуандық Бишімбаевқа азаптау бабы бойынша 7 жыл, асқан қатігездікпен қасақана кісі өлтіру бабы бойынша 20 жыл үкім кесті. Бишімбаев қылмыс жиынтығы бойынша 24 жылға бас бостандығынан айырылды. Байжанов аса ауыр қылмысты жасыру бабы бойынша кінәлі деп танылсын. Оған 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы кесілді.
Байжанов бұл үкіммен келіспейтінін білдірді.
Ал Бишімбаевтың өзі үндеген жоқ. Десе де, 15 күннің ішінде апелляциялық шағым түсіруіне мүмкіндігі бар. Ал марқұм Салтанаттың туыстары кесілген жазаға риза сияқты. Судья үкімді оқып бітпей-ақ, қуанышын жасырмай, бір-бірімен құшақтасты.
Амангелді Нүкенов, Салтанат Нүкенованың әкесі:
— Бишімбаевқа 24 жыл берілгенімен келісемін. Мерзімінен бұрын шыға алмайды.
Бишімбаевтың туыстары да үкімге қатысты еш пікір білдірмеді. Экс-министр алты айдан бері қамауда отыр. Бірақ оның абақтыда отырған уақыты еселенбейді, бір күні бір күн болып саналады деді судья. Ал Байжановтың үкім күткен бір күнін сот бір жарым күн деп есептеген. Қалған жазасын ол қауіпсіздігі орташа абақтыда өтеуі тиіс. Ал Бишімбаев қауіпсіздігі ең жоғары түрмеге жіберілетін болды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!