Прокурорлар өгей ұлын өлтірді деп айыпталған студентке 20 жыл сұрады
Алматыда өгей ұлын ұрып өлтірді деп айыпталған студентті прокурорлар 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Ал бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева өгей әкені өмір бойына қамау керектігін айтады.
Автор: Әсем Лесбек
14.05.2024
Бұл оқиға былтыр қыркүйек айында болған. 19 жастағы колледж студенті азаматтық некедегі мұғалім әйелінің баласын ұрып, балабақшаға апарған. Құсып, өзін нашар сезінген бала тәрбиешілерге өгей әкесінің сабағанын айтып үлгеріпті. Өкінішке қарай, 4 жасар Хантөрені аман алып қалу мүмкін болмады.
Сот отырысы тараптардың талап арызын тыңдаумен басталды. Бірінші болып жәбірленуші жақ, яғни марқұм Хантөренің туған әкесі мен оның қорғаушысы сөйледі. Ұлдарының асқан қатыгездікпен өлтірілгенін айтып күдіктіден 70 млн теңге моральдық шығынды талап етті. Сондай-ақ бүлдіршінді жерлеп, асын беруге 10 млн теңге кетті деді.
Бағдат Жақсылық, жәбірленушінің адвокаты:
— Келтірілген моральдық шығын ретінде 70 млн теңге талап етуге құқылы деп есептейді. Жас баланы жерлеу рәсімдері бойынша шараларды ұйымдастыру өткізу ол шығындарды эәбірленуші тарап 10 млн теңгеге бағалайды. Сотқа шарт бойынша қатысқан өкілдің еңбегін төлеумен байланысты шығынын 500 мың теңгеге бағалайды.
Артынша судья қорғаушыдан келтірілген шығынды дәлелдейтін дәйектерді беруін талап етті. Ал айыпталушы Дархан Дәулетов талап арызбен келіспейтінін айтты. Артынша жарыссөз басталып, прокурор мінберге шықты.
Дидар Қабаев, мемлекетттік айыптаушы:
— Құрметті сот ,сізден сұрайтыным, Дархан Дәулетов Асхатұлын ҚР ҚК 99-бабы 3-бөлігімен кінәлі деп танып, аталған баппен 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраймын. ҚР ҚК 46-бабына сәйкес, Дәулетовке жазасын қылмыстық атқару жүйесінің орташа мекемесінде өтеуін сұраймын.
Жантүршігерлік оқиға осыдан сегіз ай бұрын «Алма сити» тұрғын үй кешенінде болған. Төрт жасар Хантөре мен анасы және оның студент көңілдесі үшеуі сол жерде тұрады. Өгей әке анасы жоқта мазасызданған Хантөрені сабап, артынша оны балабақшаға апарып тастайды. Оңбай таяқ жеген бүлдіршін қайта-қайта құсып, кейін ауруханада көз жұмған. Бүгінгі жарыссөзге Астанадан бала құқықтары жөніндегі уәкіл арнайы келіп сөз сөйледі.
Динара Зәкиева, ҚР бала құқықтары жөніндегі уәкіл:
— Қылмыскер ең қатаң жазаға — өмір бойына бас бостандығынан айыруға ғана лайық деп санаймын. Жақында жас баланы өлтіру үшін бас бостандықтан тек өмір бойына ғана айыру қарастырылған заң қабылданды. Иә, ол 15 маусымнан бастап қана күшіне енеді. Алайда қазірдің өзінде қолданыстағы заңнамада жас баланы өлтіргені үшін 20 жыл немесе өмір бойы көзделген.
Ал марқұмның туған әкесі күдіктіні өмір бойына қамауды талап етіп отыр. Сондай-ақ баласының өліміне бұрынғы әйелінің тікелей қатысы барын айтып, судьядан жаза тағайындауды сұрады.
Айта кетейік, тергеу кезінде айыпталушы балаға оннан аса соққы жасағаны анықталған. Анасы бүгінгі сотта да ұлының азаппен өлтірілгенін естіп отырса да, бет-жүзінен қайғырғанын байқамадық.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!