Үкімет отырысы: «Қайтсек, елге көп турист тартамыз»
Ақшаға құныққан таксистер, жолда дәретхананың жоқтығы, туристік аймақтардың шалғайда орналасқаны — елімізде туризмнің дамуына кедергі келтіріп отыр. «Қайтсек, елге көп турист тартамыз» деген сұраққа бүгін үкіметтегілер бас қатырды.
Автор: Гүлвира Сейтенова
14.05.2024
Әуежайдан шыққан шетелдік турист бірден ақшаға құныққан такси жүргізушілеріне кезігеді. Олар қонақты діттеген жерге қауіпсіз апаруды емес, қалай да ақшасын сыпырып алуды ойлайды деп реніш білдірді Үкімет басшысы. Бектенов алыс орналасқан туристік нысандарға адамдарды шағын ұшақ немесе тікұшақпен апаруға болатынын айтып, көлік министріне осы бағытты зерделеуді тапсырды.
Ал спорт және туризм министрі енді тауға шығатын туристердің қолына қауіпсіздігі үшін SOS-батырмасы тағылатынын айтты. Қолсағат сияқты гаджеттің биыл 5 мың данасын демеушілер есебінен жасатпақ. Құрылғы байланыс жоқ жерде де жұмыс істейді. Ермек Маржықпаев алдағы уақытта туристік аймақтарда қанша дәретхана салынатынын да айтты.
Ермек Маржықпаев, ҚР Спорт және туризм министрі:
— Алдағы екі жылда 200 санитарлық-гигеналық нысан саламыз. Әуелі Алматы қаласы мен Маңғыстау облысында саламыз. Дәретханалар бойынша нақты жол картамыз бар. Жалпы туристік орындарда қазір 340 дәретхана жұмыс істеуі тиіс.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!