«Киберқылмыс». Ерлан Стамбеков құзырлы орындардың бейқамдығын сынады
Алматыда 73 жастағы зейнеткер алаяқтардың нұсқауымен пәтерін 18 млн теңгеге сатып жіберген. Депозитіндегі 6 млн теңгесін және банктен тағы 1 млн теңге несие алып, бәрін қосқанда — 25 млн теңгені алаяқтардың шотына аударыпты. Полиция қылмыскерлерді іздеуді тоқтатқан, ал қария енді төрт жыл несие төлеуге мәжбүр.
Автор: Гүлвира Сейтенова
15.05.2024
Бұл деректі Мәжілісте Ерлан Стамбеков жария етті. Және мұндай жағдай Алматыда ғана емес, барлық өңірде жиіледі дейді депутат. Мәселен, Өскеменде 72 жастағы қарияны қорқытып, 2 млн теңге несие алғызған алаяқтардың фотосы полицияның қолында бар. Әйтсе де ешкім ұсталмапты.
Ресми дерек бойынша, былтыр 6 мыңнан астам адам алаяқтардың құрбаны болып, банк арқылы 7 жарым миллиард теңге несие рәсімдеген. Құзырлы орындардың бейқамдығын сынаған мәжілісмен, елде киберқылмысқа қатысты ахуал күннен-күнге нашарлап барады деп алаңдайды.
Ерлан Стамбеков, Мәжіліс депутаты:
— Мобильді банк қосымшалары арқылы жеке тұлғаларға алаяқтық жолмен берілген несиелер киберқылмыс санатына жатқызыла ма? Құқық қорғау органдары мен Қаржы нарығын реттеу агенттігі бүгінде алаяқтарды табу және қылмыстық жауапқа тарту мәселесінен шет қалып отыр. Ал қаржы институттары мұндай проблемалық несиелерді шешуге көмектесудің орнына, жәбірленушілерді борышкер деп танумен ғана шектеліп жүр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!