Шымкентте мектептің шатыры күлге айналды
Шымкенттегі №104 мектепте өрт шығып, шатыры күлге айналды. Оқыс оқиға кезінде білім ошағында 700-ден астам оқушы болған. Мұғалімдер өрт сөндірушілер жеткенше, барлық оқушыны далаға шығарып үлгерген.
Автор: Бек Әбиев
15.05.2024
Асқар Шәріп, Шымкент ТЖД ресми өкілі:
— Оқиға орнына барғанда анықталғаны , жалпы ауданы 463 шаршы метр шатырдың А корпусының 280 шаршы метрі жанған. Өрт сағат 11:15-те толық сөндірілді.
Шатырдан өрт шыққанын байқаған ұстаздар бірден оқушыларды эвакуациялауға кіріскен. Қорқып қалғаны болмаса ешкім жарақат алмаған. Олармен арнайы келген психологтар жұмыс істеді. Таңғы ауысымдағы оқушылар үйіне қайтарылып, түстен кейін оқитындар онлайнға жіберілді. Ертеңнен бастап 5 пен 11-сынып оқушылары мектептің өрт тимеген корпусында оқиды. Ал бастауыш сыныптарының қалай оқитыны әлі шешілген жоқ. Өрт сөндірушілер от электр сымдарының қысқа тұйықталуынан болды деген болжам жасап отыр. Білім ошағындағы өрт қауіпсіздігі ережелері жақында ғана тексерілген екен. Соған қарамастан арнайы комиссия тағы тексереді.
Бауыржан Рауаилов, №104 мектеп директоры:
— Ешкім жарақат алып, зардап шекпеді. Шұғыл түрде ата-аналарға мәлімдеме жеткізілді. Оқушылар үйіне қайтарылды. Ата-аналармен кері байланыс жасалып, барлық оқушы үйіне аман жетті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!