Eurasian fashion week: Подиумда — онкоауруға шалдыққан бүлдіршіндер
Қимыл-қозғалысы шектеулі балалар мен онкологиялық ауруға шалдыққан бүлдіршіндер подиумда! Биыл 7-ші рет өткізіліп отырған Eurasian Fashion Week сән апталығы әдеттегі форматынан өзгеше. Фэшн шара түрлі дертке шалдыққан балаларды қолдап, олардың халық алдына шығуына мүмкіндік берді.
Автор: Әсем Лесбек
16.05.2024
Eurasian fashion week-ке қатысушылардың ең кішісі бес жаста. Үлкен подиумға шығуға олар еліміздің әр өңірінен келіп, іріктеуге қатысқан. Бүгінгі кештің шымылдығы да осы балалар киімімен ашылды.
Жұрттың назары бүгін дизайнер Дамира Балдың киім үлгілеріне ауды. Ол подиумға «Шөлдегі балалар» мен «Қуыршақ» коллекциясын алып шықты. Топтаманы қимыл-қозғалысы шектеулі балалар мен онкологиялық ауруға шалдыққан бүлдіршіндер көрсетті.
Ирина Байжанова, Eurasian Fashion Week жобасының бас продюсері:
— Біз өткен маусымда қанның қатерлі ісігі дертіне шалдыққан балаларда подиумға шығардық. Бұл жолы да қатерлі ісікке шалдыққан бүлдіршендер мен қимыл-қозғалысы шектеулі балаларды шығардық. Сол арқылы оларға жаңа эмоция сыйлағымыз келді. Өздерін жұлдыз сезінсе екен дейміз.
Халықаралық сән апталығының аясында бұл балаларға түрлі сый-сияпат беріледі. 14 жастағы Аиша Амангелді омыртқа сколиозы дертімен туылған. Бүгінгі шарада өзімді басқа қырымнан таныдым, - дейді жас модель.
Аиша Амангелді:
— Менің диагнозым омыртқа врожденный сколиозы. Осындай подиумға шығуға қалай қарайсыз деп шақырды. Келіп, сабақ алдық. Күшті әсер алып, жаңа адамдармен танысып, айналама деген көзқарасым өзгеріп жатыр. Көп-көп рақмет айтқым келеді. Менің армандарым жәймен орындалып жатыр.
Eurasian fashion week-тің жылдан-жылға ауқымы мен аудиториясы үлкейіп келеді. Дизайнерлер саны артып, сән әлемінен көзің сүрінеді. 100-ден аса бала подиумға шығып дизайнерлердің үздік топтамаларын көрсетеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!