{metadescription}
«Ханбок». Астанада корей халқының ұлттық киім көрмесі ашылды
«Ханбок». Астанада корей халқының ұлттық киім көрмесі ашылды

«Ханбок». Астанада корей халқының ұлттық киім көрмесі ашылды

«Өнер арқылы жанданған ханбок». Астанада дәл осындай атаумен халықаралық музей күні қарсаңындағы көрме өз жұмысын бастады. Онда корей халқының ұлттық киімінің бай тарихы, дамуы мен өзгеруі сынды түрлі кезеңдер көрініс тапты. Шеберлік сағат пен экскурсияға толы халықаралық жобаның өтуіне Нұрсұлтан Назарбаев қоры мен Корей мәдени орталығы мұрындық болды.

Мұнда Сеул қаласының Савина мұражайынан әкелінген 35 таңдаулы туындылар бар. Көрмеде әсіресе Корея елінің ұлттық киімі ханбоктың түсі, пішіні және өрнектері секілді элементтерін ерекше туындыға айналдырған 12 корейлік суретшінің жұмысы бар.

Суретшілер кескіндеме, мүсін, инсталляция, компьютерлік және цифрлық графика сынды көркем тәсілдермен ханбоктың дәстүрлі белгілерін жаңаша беруге тырысты. Заманауи өнер туындылары арқылы келушілер Кореяның бірегей рухы мен тарихына еніп, сол елдің өмір салтын тереңірек түсінуге мүмкіндік алады.

Күләш Ақтаева, ҚР Тұңғыш Президенті музейінің директоры:

Киімге қолданатын ,мысалы ,түстер, маталар, бояулар, өрнектер кәдімгідей бүгінгі суретшілерге шабыт береді. Ерекше көзқараспен, қазақстандық келушілерге үлкен көрмені дайындап отырмыз.Бұл көрме бір жарым ай осында болады. Біз көпшілікке оны тегін ұсынамыз.

Көрменің ашылуына кореялық серіктестер де қатысты. Мәселен, Елшілік кеңесшісі бұл көрме көпшілікті ұлттық киіммен таныстырып қана қоймай, әлемдегі корей мәдени мұрасын ілгерілетуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Ку Бон Чхоль екі ел арасындағы ұқсастық барын да тілге тиек етті.

Ку Бон Чхоль, Корея Республикасының Қазақстандағы елшілігінің кеңесшісі:

Қазақстанда жүргеніме бір жылдай болды. Әлбетте, қазақтың ұлттық киімдерін бірнеше мәрте мұражайлар мен көрмелерден көрдім. Әсіресе шапан, сәукеле мен тақия көңілімнен шықты. Білесіз бе, корейлердің ұлттық киімімен тіпті кейбір ұқсастығын да байқадым.

Корей халқы ханбокты көбіне дәстүрлі мерекелерде киеді. Сұлулықпен үйлесім тапқан ерекше киім үлгісі бірқатар елде танымал. Савина заманауи өнер мұражайынан келген делегация ханбоктың мәдени құндылығы келушілердің қызығушылығы мен сүйіспеншілігінің арқасында жаңғыра түседі деген сенімде.

Кан Дже Хён, Савин атындағы заманауи өнер мұражайының жетекші маманы:

Ханбок бүгінге дейін сақталған көне корей киімі. Сондықтан біздің суретшілер дәстүрлі киімдерімізге жаңалық әкеп, кейбір тың элементтерді қосты. Меніңше, олар тарихты қазіргі заманмен сәтті сабақтастыра алды деп білемін.

Талантты қыл қалам шеберлерінің еңбегі таңдай қақтырмай қоймайды.Корей елінің терең тарихы мен аса бай мұрасына қызығушылық танытқан жандар үшін көрме есігі 23 маусымға дейін ашық.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде