{metadescription}
Иран елі президентінің қазасына байланысты бес күн аза тұтады
Иран елі президентінің қазасына байланысты бес күн аза тұтады

Иран елі президентінің қазасына байланысты бес күн аза тұтады

Иран ел президентінің қазасына байланысты бес күн аза тұтады. Ибрахим Раиси мінген тікұшақ қолайсыз ауа райынан  кеше із-түзсіз жоғалған болатын. Құтқарушылар әуе көлігінің қалдықтарын бүгін таулы аймақтан тапты. Тірі қалған ешкім жоқ. Бортта президенттен бөлек, Ирнанның сыртқы істер министрі, аятоллалардың бірі мен губернатор да болған.

Мемлекет басшысының міндетін енді вице-президент атқарады. Бүгін Мохаммед Мохберді бұл қызметке Иранның бас аятолласы Әли Хоменеи бекітті. Ирандағы қайғылы жағдайға байланысты Қазақстан президенті де көңіл айтып, жеделхат жолдады.

Президент Ибрахим Раиси отырған тікұшақ кеше Иранның солтүстік-батысындағы Әзірбайжанға жақын таулы аймақта құлаған. Сол күні ол ауданда нөсер жаңбыр жауып, қалың тұман болған екен. Іздеуге көрші елдердің құтқарушылары да қосылғанымен, апатқа ұшыраған тікұшақ он сағаттан кейін ғана табылды.

Тікұшақ тауға соғылған. Сол сәтте ішінде Иран президентімен қоса, сыртқы істер министрі Хосейн Абдоллахиан, Шығыс Әзірбайжан провинциясының губернаторы мен Тебриз провинциясының аятолласы болған. Жалпы 8 адам ажал құшыпты. Шенеуніктер Әзірбайжанмен шекарадағы құрылысы аяқталған бөгетті іске қосу рәсімінен қайтып келе жатқан екен. Қайғылы жағдайға байланысты Иран халқына бүгін Қазақстан президенті көңіл айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

Тікұшақ апаты салдарынан Иран Ислам Республикасының Президенті Ибрахим Раиси мен оның сенімді серіктерінің қайтыс болғаны туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабыл алдым. Ибрахим Раиси – Иран мемлекеті мен халқының әл-ауқатын арттыруға, мүддесінің мұқалмауына, аймақтағы тұрақтылықты сақтауға өз өмірін риясыз арнаған көрнекті мемлекет қайраткері. Оның қолға алған бастамалары мен жетістіктері халықаралық қауымдастық тарапынан жоғары бағаланғаны баршаға мәлім. Қазақстандықтар Ибрахим Раисиді парасатты басшы, халықаралық деңгейдегі беделді саясаткер, екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға зор еңбек сіңірген тұлға ретінде әрдайым есінде сақтайды. Марқұмдардың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын.

Иран президенті 63 жаста болған. Бұл лауазымға Ибрахим Раиси 2021 жылы халықтың 60 пайыздан астам дауысын жинап сайланды. Ел басқаруға дейін ол бас прокурор болып істеді. Қайғылы жағдайдан кейін Иранда телехабарлар мен өту керек болған іс-шаралардың басым бөлігі тоқтатылды.

Енді Иран конституциясына сәйкес, президент міндетін бірінші орынбасары атқарады. Яғни бүгіннен бастап вице-президент Мохаммед Мохбар сайлауға дейін 50 күн бойы елді басқармақ. Оның кандидатурасын аятолла Әли Хоменеи бекітті.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

27 қыркүйек

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде