Алматыда әр маусымда сейсмо-жаттығу өткізіліп тұрады
Алматылықтардың жер сілкінісіне қаншалықты дайын екендігі бүгін тағы пысықталды. Таңғы сағат 10-да қалада дабыл қағылғанда тұрғындар төтенше жағдайлар департаментінің талабы бойынша бірден сыртқа шығуы тиіс еді.
Автор: Әсем Лесбек
21.05.2024
Екі жойқын сілкіністен жүрегі шайлыққан жұрт бұл жолғы сейсможаттығу кезінде белсенді. Кеңсе, сауда орталығында жүрген жұрт бүкіл шаруасын ысырып тастап сыртқа ұмтылды.
Сейсможаттығу — зілзалада абдырап қалатын алматылықтарды үрейге бой алдырмай,қауіпсіз жерге шығуды үйрету үшін ұйымдастырылған. Төтеншеліктер сағат таңғы сағат 10 болысымен дабыл қосып, дауыс зорайтқышпен халықтың сыртқа шығуын сұрады. Биік ғимаратта отырғандар бірден жұмыс орнын тастап далаға қарай ағылды.
Динара Оразбекова:
— Бұл, әрине, бірінші кезекте, біз үшін жасалынып жатқан шара. Әр адам өз қауіпсіздігін ойлауы керек. Сондықтан сыртқа шығып, барлық қағиданы сақтаған жөн. Әріптестерімізбен жұмысты тастай сала, бірден далаға шықтық.
Сауда орталығындағы халық та саспай, сыртқа шықты. Барлығы ғимараттан алшағырақ тұруға тырысып, «мұндай оқу-жаттығу керек» деген пікірде.
Мөлдір Бейсенәлиева:
— Бұл сейсможаттығу дұрыс және жиі ұйымдастырып жатқаны өте дұрыс деп ойлаймын. Тәжірибе жинап, қауіптен сақтап қалады деп ойлаймын.
Сейсможаттығу,әдеттегідей, мектептер мен жоғарғы оқу орындарында да белсенді өтті. Десе де орталықтағы кейбір тұрғындардың арасында немқұрайлық байқалды. Құтқарушылар мұндай жаттығуды әр маусым сайын өткізуді жоспарлап отыр.
Бекболат Бұғабаев, Алматы ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері:
— Оқу жаттығудың басты мақсаты — халықтың қауіпсіздік мәдениетін көтеру. Әрбір төтенше жағдай болған кезде, табиғи болсын, техногенді болсын, төтенше жағдайлар болған кезде әрбір халық өрт болған жағдайда не істеу керек, қай жерге тығылу керек, қалай өзін қорғау керек, жер сілкінісі кезінде қай жер бізде қауіпті, қай жер қауіпсіз, осының бәрін жаттығудың арқасында жеткізіп отырмыз.
Құтқарушылар халықтан қарапайым 10 қадамды ұмытпай, дайындыққа салғырт қарамауын сұрады. Алматы сияқты сейсмикалық белсенді қала тұрғынының ауыз су, дәрі-дәрмек сияқты негізгі қажет заттар салынған сөмкесі дайын тұру керектігін еске салды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!