{metadescription}
Ахмет Байтұрсынұлы туралы «Соңғы үкім» тарихи драмасы жарыққа шықты
Ахмет Байтұрсынұлы туралы «Соңғы үкім» тарихи драмасы жарыққа шықты

Ахмет Байтұрсынұлы туралы «Соңғы үкім» тарихи драмасы жарыққа шықты

Алаш көсемдерінің бірі, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы туралы тағы бір көркем туынды жарыққа шықты. «Соңғы үкім» атты толықметражды тарихи драма ұлы қайраткердің бейнетті әрі қасіретті тағдырының мәлім-беймәлім қырларын ашқан. Жан тебірентіп, рухты оятатын ерекше туындының жабық көрсетіліміне КТК тілшісі барып қайтты.

Халқымыздың біртуар перзенті, қайраткер тұлға Ахмет Байтұрсынұлының өмір жолынан сыр шертетін фильмді дүйім жұрт асыға күтті. Оны кинотеатрға келген көрерменнің қарасынан-ақ анық аңғаруға болады. Туынды мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйытқы болуымен үш жылға жуық уақыт түсірілген. Тарихи драмада қазақ зиялыларының алғашқы толқыны, көпке ұстаз деп танылған Байтұрсынұлының соқтықпалы, соқпақты сәттері көрініс тапқан. Сценарий авторы әрі продюсері Ғалым Доскен фильмдегі әрбір сахнаны тарихи деп айту қиын десе де, сол кездің саяси жағдайын дөп жеткізу үшін Ресей мен Қазақстанның архивтерімен әрі білікті тарихшылармен бірлесе жұмыс істегенін айтады.

Ғалым Доскен, сценарий авторы, продюсер:

Бұл кісі екі режимнің тұсында да қазақтың алғашқы интеллигенциясы. Ұлтының қалай, елінің қалай езіліп жатқанын көрді. Хаққысының қалай желініп жатқанын көрді. Заңсыз қорлықтар көп істелді. Бұлар сол үшін күресті. Барлығы дерлік патша кезіндегі абақтыға қамалып шықты одан кейін Кеңестер кезіндегі абақтыға да қамалып шықты.

Фильмде Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тілі ережесінің негізін салып, оны жұрттың қатарына іліну жолындағы құралы етуге білігі мен қайратын жұмсағаны көрсетіледі. XX ғасырдағы ірі түрколог ғалымдардың Алаш ардақтысын өздеріне тең тұтқанын байқауға болады. Жалпы кинода ағартушы, педагог ғұмырының қилы кезеңдері мен бұралаң сәттерінен тұратын 8 кезеңі көрініс тауыпты. Басты рөлді белгілі актер Азамат Сатыбалды сомдаған.

Азамат Сатыбалды, актер:

Қалай Ахмет ағамызды дәл солай жеткізуге болады?! Қолымнан келгенше түсінуге тырыстым. Бұл бағытта менімен тікелей жұмыс істеген менің болмысыма сол Ахмет ағамыздың қиындықтықты, сол атмосфераны сіңіруге барын салған біздің Ғалым ағаның еңбегі. Жарты жылдан астам уақыт менімен жеке жұмыс істеді. Біз 4,5,6,7,8 сағаттап отырған кезіміз болды. 

Фильм Алматы, Семей қалалары мен Абай, Алматы, Жетісу облыстарында түсірілген. Көрерменнің көз алдында өз елінің теңдігі мен хақысын талмай жоқтаған күрескердің ең бір бейнетті кездері келгендей. Өйткені көпшілік басты рөлдегі кейіпкермен бірге екі сағат бойы өмір сүріп, сол аласапыран заманға көшкендей күйде отырды.

Нәзира Рахманқызы, кинотанушы:

Меніңше, осы тарихи кейіпкерлерді сомдаған біздің актерларымыздың барлығы үдесінен шықты деп ойлаймын. Алға қарай даму жағынан, шығармашылық кемелдену жағынан бұл өте бір жақсы дүние деп ойлаймын.

Қазыбек Иса, Мәжіліс депутаты:

Ең соңында ату жазасына бұйырылған ұлт ұстазының қолынан жас баланың алып шығып кетуі болашақтың оны ақтап, болашақ ардақтайтынының сондай символдық көрінісі деп білем.

Кинотуынды жабық көрсетілімге келген жұрттың көңілінен шығып, ыстық ықыласына бөленді. Толықметражды көркем фильм 23 мамырда үлкен экранға жол тартады.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

27 қыркүйек

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде