{metadescription}
Алматы облысында жолаушылар автобустары жіті тексеріліп жатыр
Алматы облысында жолаушылар автобустары жіті тексеріліп жатыр

Алматы облысында жолаушылар автобустары жіті тексеріліп жатыр

Алматы облысындағы Көлсай – Қайынды - Шарын сияқты туристік аймақтарға қатынайтын жолаушылар автобустарын полиция түгел тексермек. Оған кеше болған Кеген ауданы Аласа асуындағы жол апаты түрткі болды. Туристерге лық толы автобус Көлсай көлдеріне барар жолда аударылған еді. Соның салдарынан 18 адам зардап шегіп, ауруханаға жеткізілді.

Кейін полиция автобустың 29 жастағы жүргізушісін қамауға алып, тергеу кезінде оның жүргізуші куәлігі болмағаны анықталды. Жалпы мұндай саяхатта туристің қауіпсіздігіне кім жауап береді?

Абай даңғылы мен Байтұрсынов көшесінің қиылысы. Әдетте автобустар қаз-қатар тізіліп Шарын – Көлсай – Қайыңды сынды демалыс орындарына осы жерден аттанады. Бірақ жолға шықпас бұрын оларды кім тексереді, жалпы қандай талап қойылған, ол жағы беймәлім.

Бұлай деуіміздің себебі Аласа асуында болған жол апаты. Туристер мінген автобус бұрылыста жолдан шығып жылдамдығын бәсеңдете алмаған күйі бір бүйіріне аунап түскен. Рөлінде 29 жастағы жүргізуші болыпты. Ер адам іші жанға толы көлікті жүргізуші куәлігінсіз емін-еркін басқарған. Ол туралы туристік компаниялардың тіпті хабары да болмаған.

 Жансая Ермекқызы, туристік фирманың ұйымдастырушысы:

Ол жерде менің алты туристім болған. Кеше турға төленген ақшасын қайтардық. Көлік компаниясымен біз шарт арқылы жұмыс істейміз. Бірақ жүргізушінің куәліксіз екенін білген жоқпыз. Гид көлік пен жүргізуші жағдайн тексереді. Жүргізуші сау, жолға шығарда бәрі дұрыс болатын.

Ал қалған саяхатшыларға демалыс ұйымдастырған туристік компания қандай да бір ақпарат беруден бас тартты. Апат болған автобусқа тиесілі мекемеден де хабар ала алмадық. Осы орайда Қазақстанның туристік қауымдастығы елімізде ішкі туризм ақсап тұрғанын айтады. Туроператор кез келген саяхатқа шықпас бұрын, автобустың техникалық жағдайы мен жүргізушіге қатысты құжаттарды жіті тексеруге тиіс дейді

Рашида Шәйкенова, Қазақстан туристік қауымдастығының директоры:

Жалпы мұндай саяхаттар толығымен тур операторлардың жауапкершілігінде болуы керек. Туристік мекеме жолаушыларды тасымалдайтын компаниялармен келісімшарт жасасып, олардың сақтандыру құжатын тексеруі керек. Кешегі апатта туристік компания осының барлығын жіті тексермеген. Жүргізушінің куәлігі бар-жоғын да білмеген. Сондықтан жүргізушіге ғана шара қолданбай, сол автобусқа тиесілі компания мен туристік мекемелерді де жазалау қажет.

Жол апаты, абырой болғанда, адам шығынынсыз болды. 18 адам түрлі жарақатпен ауруханаға түскен. Дәрігерлер барлығының жағдайының жақсарғанын айтып, үйіне жіберіпті. Десе де облыстық полиция мұндай салғырттыққа жол бермеуге тырысып шара қолданбақшы

Меруерт Морякова, Алматы облысы ПД ресми өкілі:

Жедел алдын-алу іс-шарасы аясында 29-31 мамыр аралығында облыс аумағында жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын жүргізушілер арасында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және көлік тәртібін арттыруға бағытталған профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырылып жатыр.

29 жастағы жүргізуші қазір қамауда отыр. Ал оны бақыламаған компания ірі көлемде айыппұл арқалады.

Еске салсақ, былтыр қазан айында да Қайындыға барар жолда қайғылы оқиға болған. Бір адамның өмірін жалмаған апатта жүргізуші қатар келген автобуспен жарысып, тізгінге ие бола алмаған.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде