Елімізде ел көп шағымданатын сала: медицина, туризм, жолаушылар тасымалы
Қазақстандықтар медициналық қызмет сапасына ең көп шағымданады. Тұтынушылардың құқығын қорғау комитеті халық арасында жүргізген сауалнаманың нәтижесі осындай. Оған еліміздің барлық аймағынан 10 мың тұрғын қатысыпты.
Автор: Гүлвира Сейтенова
28.05.2024
Сұралғандардың 65 пайызы медициналық қызмет сапасына көңілі толмайтынын айтқан. Олар негізінен медицина қызметкерлерінің дөрекілігі мен біліксіздігіне, емханадағы ұзын-сонар кезекке шағым айтқан. Сауалнамаға қатысқандардың 52 пайызы, әсіресе Алматы және Астана тұрғындары көрсетіп отырған «қызметі сапасыз» деп интернет-провайдерлердің жұмысын сынаған.
Ақтөбе, Ақмола, Түркістан облыстарының халқы туризм саласындағы қызметке риза емес. Туристік орындарда бұзылған тамақ беріледі, қазақ тілінде мәзір жоқ, тазалық сақталмайды деп жауап берген респонденттер.
Ал, Алматы қаласы, Қостанай мен Қарағанды тұрғындары жолаушылар тасымалы қызметінің барлық түріне шағымданыпты. Жалпы былтыр тұтынушылардың құқығын қорғау комитетіне елу мыңнан астам адам арыз түсірген. Көпшілігі сауда саласындағы құқығым бұзылды деп келген. Мамандар бұл ретте онлайн-сауданың, әсіресе әлеуметтік желі арқылы жасалатын сауда-саттықтың заңмен еш қорғалмағанын ескертеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!