Қарағандыда ветеринарлар ауылдан әкелінген мал етін жаппай тексеріп жатыр
Қарағандыда ветеринарлар базарға ауылдан әкелінген мал етін жаппай тексеруге шықты. Тәртіп сақшыларын ерткен олар төрт түліктің арнайы қасапханада сойылып, ұрлыққа қатысы жоқ екенін және малдың сау болғанын анықтап жүр.
Автор: Жаңалық Ахаш
30.05.2024
Жасқанат Сейдахметов, Қарағанды аймақ инспекциясының бас маманы:
— Мал ұрлығы деген бар. Өлген мал алып келу деген сыбыс болды. Шындыққа жанаспайды. Міндетіміз — соны тексеріп, рейд жасап, соны анықтау.
Сатылатын мал етіне қатысты қолда арнайы анықтама болуы шарт. Ол құжат болмаса, 74 мың теңге айыппұл арқалайды. Жазалы болғандардың қатарында құс пен қой-ешкі етін сатып жатқандар жоқ. Ал ірі қарасының етін саудалағандардың көбісінің рұқсат қағазы болмай жатыр. Ауылдан етін арқалап келген шаруалар бұған өкпелі. Анықтама алуға барлық жағдай жасалса, тәртіптен, жалтармай жүруші едік дейді. Ветеринарлық бекеттен қағаз алу үшін ауылдан аудан орталығына баруы керек. Ал сауда қызатын демалыс күндері ол мекемелер жұмыс істемейді. Ал қасапхана ауыл тұрмақ, аудан орталықтарында жоқ екенін айтады. Сондықтан айыппұл салмас бұрын, осы мәселелерді шешіп берсін деген талап қойып отыр.
Амангелді Қастаев, шаруа:
— Мал әкеле жатқанда қағаз жағы проблема. Біреуі әкімдіктен ветеринария бөліміне бар дейді. Ветеринар цехқа сілтейді. Цех ауылда жоқ. Басқа ауданға, алысқа бару керек. Ол жерге барсаң, не анықтама, не вереинар жоқ. Сосын малын сояды да, келеді. Жолда базарға алып келеді, айыппұл салынады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!