Өскеменде Байтұрсынов туралы «Соңғы үкім» фильмін көруге қарақұрым халық келді
Өскеменде Ахмет Байтұрсынов туралы «Соңғы үкім» фильмі көрсетілді. Алаш көсемі, ұлт ұстазы жайлы толықметражды тарихи драманы жұрт асыға күткен. Тіпті кинотеатрға фильмді тамашалауға келген тұрғындардың қарасы қалың. Арасында зияы қауым, жергілікті атқамінерлер де бар.
Автор: Ұлан Нұрахмет
03.06.2024
Аталған фильм қазақтың көрнекті ағартушысы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсыновтың өмірі жайлы өрілген. 23 мамырдан бастап үлкен кинотеатрларда көрсетіліп жатыр. Кинокартинада Ахмет Байтұрсыновтың өмірінің барлық кезеңін қамтиды. Толықметражды тарихи драманың сценарийін жазуға 12 ай уақыт кеткен. Авторы әрі продюсері Ғалым Доскен аталмыш туынды тек қана Ахмет туралы емес екенін айтады.
Ғалым Доскен, сценарий авторы, продюсер:
— Көптеген адамдар қырылып кетті. Аштықтан қырылды, қуғын-сүргіннен қырылды. Мұның бәрін ұмытуға болмайды. Тарихтың бір-ақ мақсаты бар — өткенді ұмытпау. Адамның санасы өзіңнің өткеніңді ұмыта алмайсың ғой. Кеше кім болғаныңды, әке-шешеңді. Сол сияқты. Екіншіден — осындай апаттардың болмауын қазірден бастап ойластыру керек.
Автор сол кезеңдегі саяси жағдайды дәл жеткізу үшін Ресей мен Қазақстанның архивін ақтарып, тарихшылармен бірлесе жұмыс істеген. Фильмде басты рөлді Азамат Сатыбалды сомдайды.
Айдар Наурызбаев, актер:
— Әлихан атамыздың рөлі маған бұйырған екен. 9-10 актердің ішінен Ғалым Доскен ағамыз мені таңдады. Сондықтан Ғалым Доскен ағамызға дән ризамын. Алып шығуға тырыстым. Бұл рөлді толық меңгеріп алып шықтым деп айта алмаймын. Себебі, бұл кісі Ә. Бөкейхановтың өмірі, жалпы өмірбаяны ,қиын- қыстау заманға толы болған.
Өскеменде көрсетілген тарихи драманы көруге келгендердің қатары қалың.Атқамінерлерден бастап, қарапайым халыққа дейін жиналған. Олар екі сағат бойы Ахмет өмірін өткеріп, аласапыран күй кешті.
— А. Байтұрсыновтың «Соңғы Үкім» фильмін біздің жас ұрпағымыз көруі тиіс.Бұл біздің қазақ халқының тарихы. Тарихты біздің ұрпақ көріп білуі керек.
— Біздің жастар тарихымызды, Алаш қайраткерлерінің ұлты үшін атқарған тырысқан әрекеттерін ұмытпауымыз керек. Сондықтан фильмге келіңіздер көріңіздер. Шақырамыз.
Осылайша қоғам қайраткері жайлы фильм көптің көңілінен шықты. Картина Алматы, Семей қалалары мен Абай, Алматы, Жетісу облыстарында түсірілген. Фильмде Ахмет Байтұрсынұлының қилы кезеңдері мен бұралаң сәттерінен тұратын 8 кезеңі таспаланған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!