{metadescription}
Алматыда «Еуразия» базарының саудагерлері бас көтерді
Алматыда «Еуразия» базарының саудагерлері бас көтерді

Алматыда «Еуразия» базарының саудагерлері бас көтерді

Алматыда «Еуразия» базарының 300-ге жуық саудагері бас көтерді. Олар сауда нысанының басшылығы бутиктерін мөрлеп, электр жарығын өшіргеніне наразы. Айтуларынша, базардың жаңа қожайыны осы арқылы мәжбүрлі түрде жалға алу келісім шартына қол қойдыртпақшы дейді. Ал кәсіпкерлер өзін жалға алушы емес, дүңгіршекердің толық иесі екенін айтады. Келісімге қол қойсақ, далада қаламыз ба деп алаңдайды.

Алматыдағы ірі киім-кешек базарының сатушылары бүгін саудасын күндегідей жасай алмады. Таңнан бері бутиктерінің есігі жабылып, жарығы сөнген күйі тұр. Өйткені базардың жаңа қожайыны саудагерлерге бұл орындардың оларға тиесілі емес екенін айтып, жұмысты тоқтатуын талап еткен.

Маргарита Зубкова:

Менде клубтың картасы бар. Бізге оны 2015 жылы құрылыс аяқталған соң берген. Клуб картасында бутиктің иесі екендігім айдан-анық жазылған. Бұл бутикті тартып алып, мүлдем басқа адамға қайта сатып жібере ме деп қорқамын. Бұл табыстың жалғыз көзі болып тұр. Менде ипотека бар. Балаларым мен немерелерімді асырау үшін бутикті де несиеге алдым.

Ал кәсіпкер Сәуле Абдулина әу баста ғимараттың құрылысы мен ішкі жөндеу жұмысына 200 мың доллар жұмсағанын айтады. Тіпті сауда нысанының алғашқы иесі ретінде сол кездегі базар әкімшілігі кәсіпкерге «меншік иесі» деген карта да берген. Сондықтан әйел «жылы орнымнан кетпеймін» деп жыларман болып отыр.

Сәуле Абдулина:

Жексенбі күні қыздарға ескертпе жібереді. «Босатыңыздар, егер келісімшартқа қол қоймасаңыздар» деген..Қайсар деген менің бутигіме келіп, мені қорқыта бастайды. «Сен кімсің, қолыңнан ештеңе келмейді, меморганның бәрі біздің артымызда тұр, біз тұрғанда, сіздер ешкім емессіңдеп, шығып кетесіңдер» деп, қолыменен осылай көрсетеді. «Сенен қорықпаймын, бұл ғимаратты көтердім, өз үлесімді қостым, біздегі 67 адамнан 5 жарым миллион доллар ақша шығып, сендер бізді қайда қумақсыңдар» дедім.

Күн көру үшін барын сатып несие алған саудагерлер қарыздарының онсыз да шаш етектен екенін айтады. «Жаңа басшының әрекетін түсіне алмай, далмыз» дейді.

Айман Қасымова:

Мен үйімді сатып жіберіп, қызымның үйіне көшіп келдім. Қарыздарды беру үшін. Фабрикаға қарызбын, алған тауарлардың ақшасын бере алмай отырмын. Сондықтан үйімді сатып жіберіп, жарты қарызымды бердім. Мен, мысалға, бутиікті 85 мың долларға сатып алдым. Екінші бутикті 75 мың долларға сатып алдым.

Ал базар әкімшілігі «барлық олқылық бұрынғы басшылықта» деді. Айтуынша, экс-қожайын кәсіпкерлердің қаражатын иемденіп, ғимаратты заңсыз тұрғызған. Тіпті саудагерлермен келісімшартқа да отырмапты. Соның салдарынан кәсіпкерлер меншік иесі емес, жалға алушы болып сауда жасап келген.

Қайсар Жамулдин, «Диви» ЖШС заң бөлімінің басшысы:

Саудагерлердің сөзінде негіз жоқ. Өйткені бізге дейінгі кәсіпкер арасында саудагерлермен келіспеушіліктер болған. Тіпті іс сотқа дейін барған. Соттың өзі саудагерлердің сөзін растамады, талаптарын жоққа шығарды. Ал біз, өз кезегімізде, кәсіпкерлерді жалға алушы ретінде тіркеп, олардан жалға алу ақысы мен коммуналдық төлемді талап етеміз. Бүгінге дейін төлемегендерін осылайша жауып тастап жатырмыз.

Осылайша ұлардай шулаған кәсіпкерлердің мәселесі бүгін де шешілмеді. Базар басшылығы өз талаптарын өзгертпейтінін айтып отыр. «Саудагерлер көнбесе, орынды босатсын» деп, әңгімені қысқа қайырды. Алайда 10 жылдан бері осы жерден нәпақасын тауып келгендер жаңа қожайынның сөзімен еш келіспейтінін айтып тарқасты.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

06 қыркүйек

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде