«Болашақ» стипендиаты Гавриленконың дауы медиация жолымен шешілуі мүмкін
«Болашақ» бағдарламасының стипендиаты Валерия Гавриленконың кепілгерлеріне қатысты апелляциялық сот отырысы кейінге қалдырылды. Себебі Халықаралық бағдарламалар орталығы соттан дауды татуласып, яғни медиация жолымен шешуге мүмкіндік беруді сұрады.
Автор: Гүлвира Сейтенова
04.06.2024
Алтынай Кенжесарина, Халықаралық бағдарламалар орталығының заңгері:
— Соттан істі медиация тәртібінде реттеу мүмкіндігін қарастыруды сұраймыз. Медиацияға үшінші тарап ретінде борышкер Валерия Гавриленконы тарту қажет.
Судья бұл өтінішті қанағаттандырды және екі жақтың істі бірлікпен шешуіне 10 күн уақыт берді. Шешіммен тек кепілгерлер келіскен жоқ. Айтуларынша, «Болашақ» өзінен кеткен қателікті мойындамай отыр. Кепілден заңсыз шығарылған екі пәтерді қайтаруға әрекет еткісі келмейді деп санайды. Ал оған жол берген шенеуніктердің ешқайсысы жауапқа тартылмаған. Тіпті Петропавлдағы сол пәтердің бірі басқаның атына ауыстырылғанымен, Гавриленконың шешесі тұрып жатыр дейді олар. Кепілгерлер ғылым және жоғары білім министріне де сенбей отыр. Өйткені Саясат Нұрбек айтқан Гавриленкомен арадағы келісімшартты сұратқанымен, оны көре алмапты.
Еске салсақ, Валерия Гавриленко «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуын аяқтап елге келген соң, кепілдегі екі пәтерді заңсыз шығарып алып және екеуін де сатып, шетелге қоныс аударған. Ал стипендиаттың оқуына кеткен шығынды «Болашақ» Гавриленкоға кепіл болған оның екі әріптесінен талап еткен болатын.
Мақпал Дәрібаева:
— Бізге «Болашақпен» медиацияға уақыт берді. Біздің тек қана бір талабымыз — заңсыз кепілдіктен шығарылған екі үйдің бағасын есептеттік, ол 25 млн-ға жуық бар. Одан басқа, Гавриленконың 1 млн 300 мың төлеген ақшасы бар. Содан қалған 1,5 млн ақша бар. Соны біз Наташа Воробьева екеуміз бөліп төлеуге келісеміз. Сол кезде әділетті болады деп ойлаймыз. Себебі «Болашақтың» заңсыз берген екі үйіне біз жауап беруге міндетті емеспіз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!