Қытайда табиғатты жандандырудың тың жолдарын ойлап тапқан
Экономикасын көтеремін деп экологиясын құлдыратып ала жаздаған Қытай Халық Республикасы табиғатты жандандырудың тың жолдарын ойлап тапты. Экожүйені қалыпқа келтіру үшін небәрі 10 жылдың ішінде жасыл желекпен жайқалған 50 мың ауыл құрылған. Сонымен қатар аталмыш елде жалпы 400 миллионнан аса гектар аумаққа ағаш отырғызыпты.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
10.06.2024
Осы қадамдардың арқасында ауадағы улы газ мөлшері Жылдан-жылға азайып жатыр. Қоршаған ортаға көңіл бөле отырып, туризмді де дамытып жатқан Қытай елін КТК тілшісі көріп қайтты.
Қытай — әлемдегі экономикасы тұрақты ие елдердің қатарында. Былтырғы статистикаға сүйенсек, Қытай жалпы ішкі өнім бойынша АҚШ-тан кейінгі екінші орында тұр. Былайша айтқанда, өз өндірісімен әлемнің саудасын өзіне тәуелді етіп отыр.
Джизян провинциясындағы Нинбо кемежайы — көлемі жағынан, тауар айналымы жағынан әлемдегі ең ірі нысандардың бірі. Мұнда бір жылда кемі 10 миллион тауар толы контейнер өзге елге жөнелтіледі, кейін қайта келеді екен.
Күнделікті тұрмыс тіршілікке қажетті заттар мен жаңа техникаларға дейінгі сан түрлі тауарлар темір жол арқылы да, әуемен де экспортталады. Сол сыртқа шығаратын ішкі өнімдері қарқынды өсіп жатыр. Зауыттар мен ірі кәсіпорындар жетіп артылады. Сәйкесінше, экологияға тиетін зардап та аз емес. Бірақ қазір Қытайда өндіріс орындары қоршаған ортаға зардабын тигізбейтін жаңа тәсілдерге көшкен.
Гуей Чанзин, Tsingshan Steel Pipe корпорациясының өкілі:
— Біздің зауыт жаңа технологиямен жабдықталған. Мәселен, табиғатқа залал тигізбес үшін ағынды су өңдеудің жаңа тәсілін қолданамыз. Осы заманауи әдістердің арқасында экологияға тиетін зардап 30-40 пайызға азайды.
Экожүйені қалыпқа келтіру үшін Қытай билігі ауылдарға көңіл бөлуде. Небәрі он жылда 50мыңнан аса елдімекен құрылыпты. Сол ауылдардың бірінде өзіміздің қазақтар да өмір сүріп жүр. Мәселен, Қытайда туып-өскен Ерта Ба сәйгүліктерді күтіп-баптаумен айналысады.
Ерта Ба:
— Тұрмыс болады. Жақсы. Көп жерден қараса да, өзімізге жарайды. Жетеді. Бала-шағамыз осы жерде оқиды. Мына жақтағы адамдар атты көбісі білмейді, көрмеген. Сол үшін бізді осында шақырып «атты қарап бер, бәйгеге түсіріп бер» деген соң, осы жерде жұмыс істеп жатырмыз.
Жасыл желекпен жайқалған елдімекендерден бөлек, табиғатымен тамсандыратын таулы аймақтары да бар. Кез келген жерінде туристерге жағдай жасалған.
Александр Кубышкин, қытайтанушы:
— Қытай туристік ресурсқа бай ел. Мұнда Шанхай, Шэньчжэнь, Чунцин, Ченду сияқты ірі мегаполистермен қоса, шөл мен жазық даланы, теңіздер мен биік тауларды да көресіз.
Қытай елі тақыр жерді ормандандыру арқылы да ауаны улы газдардан тазартып отыр. Жыл сайын кемі миллиондаған гектар аумаққа ағаш егіледі.
Біз қазір Фудзиян провинциясындағы осындай табиғаты тамаша жердеміз. Мұндағы 7 жарым гектар аумақ түгел ағашпен отырғызылған. Айналаның тазалығына, тал-теректердің күтіп-бапталғанына қарап, жүздеген адам маңдай терін төгіп жүр дерсіз. Бірақ бұл жұмыстың бәрі жаңа технологияның мойнында екен.
Қытай елінде экологиялық таза электромобильдердің өндісі өсуде. Мәселен, былтыр экспортталған 5 миллионға жуық көліктің 1 миллион 200 мыңы тоқпен қозғалады. Өз елінде де темір тұлпарлардың басым бөлігі — электромобиль. Сондай-ақ экожүйені құртып алмас үшін кәсіпорындар мен ірі компаниялар энергияны бұрынғы тәсілмен емес, жел мен күн сәулесінен алып жүр. Осылайша Қытай өз экономикасын көтере отырып, экологиясын құртып алмаудың амалын жасап отыр. Сайып келгенде, алып елден аларымыз да, үйренеміз де көп.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!