Қасым-Жомарт Тоқаев Корея президентіне сенімді серіктес бола алатынымызды жеткізді
Елімізде бес мыңға жуық барланбай жатқан кен орны бар. Оларды кәдеге асырып, көл-көсір пайдасын көру экономикамызды алға жетелері сөзсіз. Қазақ жеріне алғаш ресми сапармен келген Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёльмен екіжақсы кездесу барысында мемлекет басшысы осылай деп ой бөлісті.
Автор: Айжан Шамшидин
12.06.2024
Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің шақыруын қабыл алып, елімізге сапармен келгені үшін әріптесіне алғыс айтты. Ең озық технологияның алдын бермейтін корейліктермен өткен келіссөздер қалай өтті?
Сәні мен салтанаты келіскен Ақорда мәртебелі мейманды күтуге тас-түйін дайындалған. Сол жағалаудағы қарбалас шаһар өмірінде кәдімгідей сезіледі. Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёльді бас резиденцияда мемлекет басшысы үлкен құрметпен қарсы алды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
— Бүгінгі келіссөздер қазақ-корей ықпалдастығының аясын кеңейтіп, екі жақты байланысты жаңа белеске көтереді деп сенемін. Бүгінгі оқиғаны мемлекеттеріміз арасындағы ерекше сенімді қарым-қатынастың белгісі деп бағалаймын.
Оңтүстік Корея — Қазақстан үшін бәсі жоғары серіктес. Сауда-саттық жөнінен төртінші орындағы, ал инвестор ретіндегі бесінші орынды ойып алатын елдердің қатарынан. Тауар айналымы да соңғы бес жылда еселеп артқан. Бұл сапар мәдени, қала берді, ғылым саласына жаңа серпін береді деп күтілуде.
Ғылым демекші, келіссөздер басталмай жатып, Ақордада алдында министр Саясат Нұрбек ақжолтай жаңалықпен бөлісті. Алматыда ең мықты деген корейлік KAIST зерттеуші университетінің бөлімшесі бой көтермек. Ғылымға ден қойған магистрлер мен PhD-докторанттарға бұл шет ел аспай, өз жерімізде білімін жалғастыруға таптырмас мүмкіндік.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
— Оңтүстік Корея президентінің сапары аясында білім және ғылым саласындағы өте үлкен сүйінші жаңалықтармен бөліскім келеді. KAIST — Кореяның ең мықты зерттеуші университетімен арнайы меморандумға қол қойдық . Енді Корея үкіметінің көмегімен және «Кайст» университетінің көмегімен Қазақстанда «KAIST Қазақстан» деген мықты зерттеуші универститет пайда болады.
2005 жылдан бері Оңтүстік Кореядан тартылған қаржы көлемі 9 млрд АҚШ долларын құрады. Бүгін тағы құны 2 млрд доллар болатын 11 жоба келісілді. Корея тарапының әсіресе көз тігіп қызығып отырғаны, әлбетте, сирек кездесетін литий жеңіл металы.
Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
— Литий, өздеріңіз білесіздер, мына автомобильдердің ең басты материалы ,батарейка үшін литий — бізде. Кореядан қазіргі таңда не аламыз? Құрал-жабдық аламыз, одан кейін көліктерді аламыз. Ең алдымен индустриялық кооперация жасап жатырмыз, Кореямен.
Кореяға жұмыс іздеп барған отандастарымыздың да мәселесі шет қалмайды. Екі қолға бір күрек іздеп барғандарды заңды жұмысқа тұрғызу мәселесі біртіндеп шешілмек.
Нұрғали Арыстанов, Корея Республикасындағы Қазақстанның төтенше және өкілетті елші:
— Қазір келісім жоқ. Ондай келісімдерге қол жеткізу үшін келіссөздер жүргізіліп жатыр. Ондағы азаматтар қазір жұмысын істеп жатыр. Біз қазір, барынша, қолымыздан келгенше ,консулдық қызмет көрсетеміз. Енді келісімсіз бару деген — тәуекелдерге өзі келісіп барып отыр деген сөз. Соған қарамастан, біз барынша қолдау көрсетіп жатырмыз. Консулдық тарапынан, елшілік тарапынан. Яғни біздің қызметкерлер қараусыз қалмайды.
Сарапшылар 2040 жылға қарай сирек металдарға сұраныс төрт есе артады деп болжап отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев Юн Сок Ёльге бұл жағынан шикізат пен материал жеткізетін сенімді серіктес бола алатынымызды жеткізді. Бұдан бөлек, әлемге аты мәшһүр Samsung Electronics компаниясы елімізде тұрмыстық техника шығаратын өндіріс ашуға ниет білдірді.
Бұл Оңтүстік Корея басшысының қазақ жеріне алғашқы сапары. Жалпы, қос тарап та келіссөздер нәтижелі болды деп отыр. Бүгінде Қазақстан жерінде 700-ге тарта корей компаниясы жұмыс істейді. Барыс-келіс, алыс-беріс мұнымен тоқтамайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!