{metadescription}
«Сәл шыдаңдар». Ақтау тұрғындары тағы да ауыз сусыз қалды
«Сәл шыдаңдар». Ақтау тұрғындары тағы да ауыз сусыз қалды

«Сәл шыдаңдар». Ақтау тұрғындары тағы да ауыз сусыз қалды

Ақтау тұрғындары тағы да ауыз сусыз қалды. Соңғы бір аптада тіршілік нәрі тіпті сыздықтап ағып тұр. Аптап ыстықта аңқасы кепкен жұрт амалсыз жолды жауып, наразылық білдіре бастады. Ал әкімдік өкілдері су жүйесінде қысым жетпей жатқанын жасырмайды. Бірақ мәселе жақын арада шешіледі деп сендірді. Өйткені қаладағы ауыз су тапшылығын жою үшін алты жоба жасалған. Олар кезең-кезеңімен іске қосылмақ.

Бір аптадан бері ауыз су тапшылығын тартқан ақтаулықтар жолды жапты. Олар жылда қайталанатын мәселеге тек осылай ғана атқамінерлердің назарын аудартпақ. Өйткені аптап ыстықта шөл басатын тамшы таппай қалған. Әкімдікке мәселені айтып бірнеше рет барғанымен, құлақ асар жан жоқ дейді жиналған жұрт.

Гаухар Башиева:

Төрт балам бар, басқа ата-аналар, жас отбасылар бар. Не баланың киімін жуа алмаймыз, не тамақ пісіре алмаймыз, не үй жуа алмаймыз. Бұл не сұмдық? Халықтың шыдамы таусылды. Халыққа жаны ашитын болса, әкімшілік неге су тасып әкеліп бермейді. Үш жыл болды, сумен үнемі проблема.

Алтынгүл Тілекбаева:

Айқай шығарғанда ғана үш сағатқа су қосады. Түнімен бағып жаттым. Кір машинаны қосайын десем, сөніп қалды. Келген жоқ, таңертең ерте тұрып қарадым, тіпті су тамған жоқ. Күнде көретініміз осы. Жазамыз, әкімшілікке соқтым, «жұмыс істеп жатырмыз» дейді.

Осы мәселе бойынша бүгін қала әкімі шұғыл брифинг өткізіп, бірнеше мәселенің себебін атап өтті. Қалада халық саны көбейген, инженерлік желілер ескірген әрі су тұщыту зауытында ақау шыққан. Қазір тәулігіне 48 мың текше метр су өндіріліп, қысым төмендеген дейді шенеуніктер.

Ұлықбек Тінәлиев, Ақтау әкімі:

Қыста тұтыну көлемі 32 мың, жазда көрсеткіш 52 мың текше метр. Жазға 20-25 мың жетпейді. Ақтау тұщыту зауытында екі насос істен шықты. Кеше түнде  насос іске қосылды. Тағы біреуі қосылады. Алдыңғы аптада көлік жуу станцияларының басшыларымен кездестім. Ауыз суды техникалық су ретінде пайдалануға болмайды.

Ақтаудағы ауыз су мәселесін шешу мақсатында алты жоба дайындалған. Маусым айының соңына дейін «МАЭК» аумағында тәулігіне алты мың текше метр су тұшытатын қондырғылар іске қосылмақ. Сондай-ақ жеке инвестор есебінен салынған тәулігіне төрт мың текше метр су тұшытатын қондырғы да тамыз айында пайдалануға беріледі. Сондықтан тұрғындар сәл шыдаса, су мәселесі шешіледі дейді шенеуніктер.

 

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде