«Ойжұмбақ 2»: Disney мен Pixar-дың қазақша мультфильмі шықты
Елімізде алғаш рет әйгілі Disney компаниясы мен Pixar студиясының қазақша мультфильмі жарыққа шықты. «Ойжұмбақ 2» деп аталатын анимация фильмді америкалық студия қаржыландырып, дыбыстаған. Жалпы компания жыл сайын əр фильмнің әр тілдегі 30-ға жуық нұсқасын дайындайды. Оның арасына қазақ тілі де қосылып отыр. «Ойжұмбақ 2» мультфильмінде көрермен бой жетіп қалған Райлимен қайта қауышады.
Автор: Әсем Лесбек
12.06.2024
Америкалық режиссер Пит Доктердің «Ойжұмбақ» мультфильмі үлкен экранға алғаш рет 2015 жылы шықты. Туынды үздік толықметражды бірінші анимация фильм деп танылып, «Оскар» және «Алтын глобус» жүлдесін алған. Енді араға тоғыз жыл салып, мультильмнің сиквелі көрерменге қазақ тілінде де жол тартты.
Шах-Мұрат Ордабаев, Disney компаниясының қазақ тілді дубляж режиссері:
— Мұндай жобалар 2011 жылдан басталды. Әр түрлі қаржыландыру арқылы, оған дейін болашақ корпоратиа қор болды, мемлекет тарапынан қолдау болды. Ал осы жолғы жобаның ерекшелігі — «Дисней» компаниясының өзі қаржыландырып жатыр. Яғни фильмді өндірген компанияның өзі қазақ тілін ресми тілдер қатарына кіргізіп, мойындап, өздері қаржыландырып жатыр.
«Ойжұмбақ 2» бөлімінде көрермен бой жетіп қалған Райлимен қайта қауышады. Бұл жолы кейіпкердің күтпеген жерден жаңа сезімі пайда болған. Қуаныш, Қайғы, Қорқыныш пен Жиренішке Мазасыздық, Үрей қосылып, күтпеген жайттар туындайды. Барлығын отандық актер, актрисалар мен әншілер дыбыстапты.
Жұлдыз Өмірғали, әнші, актриса:
— Менің дауысымды «Дисней» қабылдайды. Велл атты кейіпкер, лақап аты Велл, жалпы Валентина есімді. Ол эмоция емес. Ол мектептегі жаңа құрбыларының бірі. Райлидің. Жоғары сыныпта оқиды. Және хоккей клубының капитаны. Бұл менің алғашқы дубляжым. Жалпы бұл мамандықты жеңіл деп санай алмаймын.
Ақерке Нұржауова:
— Кастингке барғанмын. Кастингтен өтіп болған соң, дубляжды бастады. Маған дубляж өте ұнады. Және де, менің ойымша Райлимен ұқсаспыз. Ол қылықты, бірден ашуланып , тез күле салады.
Жалпы әйгілі Disney компаниясы жыл сайын әр фильмнің түрлі тілдегі 30-ға жуық нұсқасын дайындайды екен. Қазақ тілінің де осындай елеулі тілдер қатарына қосылуы үлкен қадам.
13 маусымнан бастап еліміздің барлық кинотеатрынан «Ойжұмбақ 2» анимация фильмін көруге асығыңыздар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!