Артық жүк тиеген жүргізушілерге айыппұл салып жатыр
Тас жолдарды тоздырып жүрген темір тұлпарларға тықыр таянды. Алматыда тәртіп сақшылар артық жүк тиеп жүрген жүргізушілерге жаппай айыппұл салып жатыр.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
13.06.2024
Көлік инспекторлары көзге көрінген ауыр жүк көлігін тоқтатып, әрқайсысының салмағын өлшеп шықты. Негізі заң бойынша 25 тоннадан аспауы керек. Бірақ жүргізушілердің басым бөлігі жүкті шамадан тыс тиеп алған. Соның кесірінен асфальт тозып барады. Жыл басынан бері тәртіпке бағынбайтын 40-тан аса жүргізушіге 30 миллион теңге айыппұл салынған. Алайда арасында жазадан құтылып кеткісі келетіндер де бар. Бірі өзі әрең жүретін жүк көлігімен қаланың ішінде ойқастап айдап қашса, енді бірі, тоқтатқан сәтте тиелген құм-тасын төгіп жібереді екен.
Абылайхан Мәмбетәлиев, Алматы көлік бақылау инспекциясының бас маманы:
— Жолдың қабығы белгіленген мерзімнен бұрын жарамсыз болуы ауыр жүк көліктерінің тасымалдауына байланысты. Осы себепті жүк көліктерін тоқтаттық. Автоматтандырылған өлшеу станцияларын орнату жоспарланды.Шамамен оннан аса автоматтандырылған өлшеу станциясы орнатылады. 25 жылға болжанып отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!