16 адам суға кеткен. Себебі — тыйым салған жерде шомылған
Суға түсу маусымы басталғалы бері елдегі өзен-көлдерде 16 адам ажал құшты. Оның тоғызы — бала. Ал қайғылы жағдайдың басым көпшілігі шомылуға тыйым салынған жерлерде болған. Осыған байланысты республика бойынша бақылау шаралары күшейтіліп, су айдындарында рейд жүргізілуде. Оған құтқарушылармен бірге жағажайларды аралап көрген КТК тілшісі де куә болды.
Автор: Мерей Қалиасқар
14.06.2024
Биыл елордада жаз жылдағыдан ыстық. Бүгін сынап бағанасы 28 градусты көрсетті. Астаналықтар жанға саяны Есіл жағасынан іздейді. Қала аумағында 21 су айдыны бар. Оның бесеуінде ғана шомылуға рұқсат етілген. Олар ақылы болғандықтан, жұрттың оған барғысы жоқ. Сондықтан көрінген жерде қаннен-қаперсіз шомылады. Дені — қараусыз жүрген балалар. Ал ересектердің жөні мүлде бөлек. Бірі беймарал күнге қыздырынса, енді бірі алкоголь жалынын өзеннің салқын суымен басып әлек.
Рұқсат етілмеген жерге шомылып жүрген қала тұрғынына 7 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды. Алайда бұл жазадан тайсалып тұрғандар шамалы. Көбі ескертуді елемей, біздің көзімізше қайта суға түсті.
Мирас Медетұлы, құтқарушы:
— Балалар кішкентай, суға түскенді қызық көреді. Бірнеше бала жүгіріп келіп суға түседі. Бір-бірін итереді. Қауіпсіздік шарасын жүргізіп, ескерту қағазын күнделікті таратамыз. Оқымайды, кейбір кісі тіпті елемейді. Балалар тыңдамайды.
Тыңдамағанның арты — өкініш. Бірер күн бұрын ғана 17 жастағы қала тұрғыны суға кетіп өлді. Құтқарушылар келіп жеткенше, жасөспірім жан тапсырды.
Аңсар Балташев, Астана ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының офицері:
— Екі бала бәстесіп, біреуі суға кетіп өлді. Жағаға жете алмай, ортасына батып кетті. 2023 жылы төрт орын болды. 2024 жылы бес орын. Жыл сайын көбейтіп жатырмыз.
Қалалық төтенше жағдай департаменті биылғы шомылу маусымына тас-түйін дайындықпен келген. Құтқарушы-сүңгуірлердің саны артып, жедел-құтқару техникасы, жүзу құралдары көбейген. Бір айта кетерлігі, биыл онсыз да жұмысы қауырт құтқарушылар сағат сайын өзен бойын бақылайды.
Құтқарушылардың еңбегін жоққа шығарудан аулақпыз. Нұсқау парақшалар таратып, ақпараттық белгілерді қойсақ, қайғылы жағдайды жойсақ деп, бар жанын салып жүр. Тек соны ескеретін, шомылатын судың қауіпсіздігін тексеретін жұрт аз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!