Сенімді ақпарат көзі. Халықтың 50 пайызы телеарна ақпаратына сенеді
Теледидар ақпараттың негізгі көзі болып қала береді. Соңғы уақытта жаңалық тарататын ақпарат құралдары көбейсе де, халықтың басым бөлігі теледидарды — сенімді ақпарат көзі ретінде қабылдайды.
Автор: Ақтоты Жұмабек
14.06.2024
Алматыда өткен медиа шарада сарапшылар қызу талқылаған негізгі тақырыптардың бірі де осы. Мамандар телевизия заман талабына сай онлайн форматта да дамып келеді деген пікірде. Осымен үшінші рет өткізілген медиа шарада жарнама мәселесі де көтерілді.
Телевизия және жарнама нарығының өзекті мәселелерін талқылауға биыл да осы салада жүрген мамандардың бірі қалмай жиналды. Кезекті отырыс әдеттегідей масс-медиадағы соңғы жаңалықтар мен ұсыныстарды тыңдаумен басталды.
Бүгінгі жиында Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов адағы уақытта телевизия әлемінде түбегейлі өзгерістер болуы мүмкін деді.
Қанат Ысқақов, ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі:
— Жаңа масс-медиа жобасы әзірленіп, мемлекет басшының қол қоюына жолданды. Сондықтан телевизия саласының, телевизиялық нарықтың түбегейлі өзгерістер алып келуі мүмкін.Бұған қоса осындай жиындарда жалпы отандық медиа нарықтың медиа саласының алдағы қойған мақсаттарын айқындаймыз.Медиа нарығының қандай мәселері бар, оның тетіктерін және қандай шешу жолдарын қарастыру бойынша ортақ мәмілеге келеміз.
Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша күніне 3 миллион алты жүз мың адам теледидар қарапты. Мамандар оның өзін үлкен көрсеткіш дейді. Кемелбек Ойшыбаевтың айтуынша, халықтың 50 пайызы телеарна ақпаратына сенеді. Ал интернет жаңалықтарына жұрттың 25 пайызы жүгінеді.
Кемелбек Ойшыбаев, Ұлттық БАҚ қауымдастығының төрағасы:
— Жалпы, салыстырмалы түрде көрген кезде телеарна — ең сенімді ақпарат көзі. Ал интернетті қарайтын болсақ, ол екі есе аз, интернетке тек 20-25 пайызы сенім білдіреді. Дегенмен телевизия — ең басты сенімді ақпарат болып қала бергенімен, біздер ол жағын қалай арттырамыз деген сұрақтарды көтеріп жатырмыз. Ол тұрғыда шектеусіз ақпарат көрсетіп отыруымыз керек.
Телеарналардың рейтингін көтеру сынды мәселе де талқыланды. Жарнама нарығының дамуына әсер ететін негізгі факторлар да айтылды.
Ильмурад Джумаев, Vi Kazakhstan ЖШС бас директоры:
— Биылғы жылдың бірінші жартысында телевизиядағы жарнама 25 пайызға өсті. Интернеттегі жарнама шамамен 44 пайызды, телевизиялық жарнама 33 пайызды құрайды. Интернет пен телевизиядағы жарнама біршама тең емес. Телевизияда ешнәрсеге рұқсат етілмейді, айтпағым, телевизияда жарнамаға көптеген тыйым бар. Бірақ интернетте бәрі мүмкін. Біздің ойымызша, заң шығарушылар осы екі медиа алаңды теңестіруі керек.
Иә, соңғы жылдары жарнаманың интернетке ауысқаны рас. Дегенмен телевизия өкілдері біраз кірістен қағылса да, сұраныс бар екенін айтады. Өйткені телеарна — жарнама берушілерге ең тартымды медиа-ресурс дейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!