Алматы облысы: Екі ауылдың халқы кеніштен тараған радиациядан қауіптеніп отыр
Алтын қазып, ауылды уламақ. Алматы облысы Жамбыл ауданының тұрғындары кеніштен тарайтын адиациядан қырылып қаламыз ба деп қорқып отыр. Өйткені Серіктестік «Шынасыл сай» кен орнынан алтын-күмісті ашық тәсілмен өндіруді көздеген. Өміріне алаңдаған екі ауылдың халқы табиғаттың түртілуіне түбегейлі қарсы. Жұрттың жан-айқайын КТК тілшісі тыңдап қайтты.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
17.06.2024
Алматыдан 120 шақырым қашықта орналасқан Суық төбенің етегі, Алатаудың баурайы. 350 гектар аумақ түгел Шынасыл сайына кіреді. Өткен ғасырда мамандар бұл жерді зерттеп, кен орны деп белгілеп кеткен. Өйткені мұнда мырыштан бастап, күміс, алтынға дейін сан түрлі бағалы металдар бар. Бірақ жерді қопара келе, адамға қауіпті радиация бар екенін анықтап, жұмысты тыйған.
Алайда мұнымен Шынасыл сайы тыныштық таппады. Кен орнына көз тіккендер көп болған. Екі мыңыншы жылдардың басында шетелдік компания тауды тесіп, тас-талқанын шығарады. Төмен жақтағы Қастек, Сұраншы батыр ауылының халқы шулап жүріп тоқтатқызыпты. Биыл енді алтын-күмісті ашық тәсілмен өндіргісі келген тағы бір компания шығып отыр.
Қайрат Сейітмамытов:
— Вlock one company деген компания барлау жүргіземіз, одан кейін Minerals Operating деген тапсырыс берушілері екен. 500 гектар жерді жарылыс жасау арқылы, ашық әдіспен кен орнын игереміз деп. Бір тоннада бір жарым грамм алтын бар екен, 27 грамм күміс бар екен.
Ауыл тұрғындарының алтынына да, күмісіне де таласы жоқ. Алаңдатып отырғаны өндірістің ашық тәсілмен жүретіні. Әрі бағалылардан бөлек, адамға қауіпті радиоактивті металлдардың болуы. Өйткені қопарылайын деп жатқан сайдан халық тұрмыс тіршілікке пайдаланатын, төрт түлік суғаратын өзен бастауын алады.
Ербол Мамұтов, Сұраншы батыр ауылының тұрғыны:
— Суымызды лайлайды. Бұл су Қастекке құяды, Қастектен Амангелдіге, одан Аққайнарға, одан Күртіге, Күртіміз Іле өзені Балқашқа құяды. Сонда қанша адамды улайық деп тұрмыз.
Бейсенбек Смағұлов:
— Бұл жерде зиянды металл. Кадмий деген нағыз улы зат екен. Бұл адам баласына, малды да, жануарларды да мутацияға ұшырататын кадмий екен. Қорғасыннан 100 градус жоғары, цинктен 100 градус төмен градуста балқиды, жанады екен. Жанған кезде, жұққан жерінің бәрін өсімдік болсын, мал болсын бәріне уы тарайды. Адамның бауырына, өкпесіне, миға әсер етеді екен.
«Екі ауылдың халқы шулап жатыр» деген соң, ауданның да, облыстың да шенеуніктері тайлы-тұяғымен жетті. Бірақ мәселенің анық-қанығын жөнді білмейтін сыңайлы. Бірі компанияның барлауға «лицензиясы бар» десе, екіншісі «жоқ» дейді. Сөздерінің тоқ етерінде таудың түртіліп-түртілмейтінін тұрғындар шешеді деп жұбатты.
Ақниет Туматайев, Жамбыл ауданы әкімінің міндетін атқарушы:
— Түбегейлі шешім халықпен кездесу өткізіліп, халықтан қолдау табатын болса болады. Қолдау табылмайтын болса, онда түбегейлі жабылады. Ең бірінші кезекте халыққа түсіндіру керек. Оның пайдасын, оның зиянын. Ол жерде тек қана пайдасын ғана түсіндіріп «болды, қаза береміз» демейді. Оның зияндарын да көрсетеді. Ауаға, табиғатқа, суға қандай зиян келтіруі мүмкін.
Шенеуніктер мен компаниядағылардың кездесуі әлі біраз өтетін түрі бар. Бірақ жиындарды қажет тұтып тұрған тұрғындар жоқ. Қанша жерден пайдасын айтып, көндіруге тырысса да, жұрт таудың қопарылуына үзілді-кесілді қарсы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!