Алаш жұрты ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан Мұрат Мұхтарұлымен қимай қоштасты
Алаш жұрты ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Мұхтарұлын ақтық сапарға шығарып салды. Асылдың тұяғы әкесі Мұхтар Әуезовтың жанына жерленді. Жексенбі күні өткен қоштасу рәсіміне зиялы қауым өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты. Қаралы жиын Мұхтар Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театрында өтіп, жаназа намаз да сонда оқылды.
Автор: Ақтоты Жұмабек
17.06.2024
Қаралы жиынға келген көпшілікке мемлекет басшысының көңіл айту хатын президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев оқып берді. Одан кейін сөз алған зиялы қауым өкілдері Мұрат Әуезовтың еліне атқарған істерін еске алып, тағылымды естеліктер айтты.
Нұртөре Жүсіп, Сенат депутаты:
— Мұрат Мұхтарұлы қазақтың тарихын түгендеген, мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан, қазақтың жоғын жоқтаған, азаттығы, тәуелсіздігі үшін күрескен үлкен тұлға деп айтуға болады. Азамат ретінде, қоғам қайраткері, мемлекет қайраткері ретінде елші қызметті де абыроймен атқара білді. Соның барлығы халықтың Мұрат Мұхтарұлына деген сүйіспеншілігі, ықыласы ,кешелі бері осы қаралы хабар шыққалы әлеуметтік желіде қабырғасы қайысып, көңілін білдіріп жатқан қаймана қазақта есеп жоқ. Ағамыздың енді иман байлығын берсін деп сұраймыз.
Асылдың сынығы, әке жолын лайықты жалғаған Мұрат Мұхтарұлы ұлт руханиятының алға басуына, қазақ ғылымының көк жиегін кеңейтуге бар саналы ғұмырын арнады. Қазақ әдебиеті мен мәдениетін,тарихын терең зерделеп соңында өшпестей мол мұра қалдырды. Сондай-ақ мемлекеттік қызметте де парасат биігінен көрінді.
Дулат Исабеков, жазушы, драматург:
— Мұрат сияқты үлкен бір азаматтың, парасат иесінің, үлкен ғалымның дүниеден өтіп кетуі әрине қазақ халқы үшін, қазақ мәдениеті үшін, әдебиеті үшін орын толмас қаза. Жұмыс үстінде жүріп, қалам қолынан түспей о дүниеге аттанды. Міне, нағыз ер, нағыз парасат иесі деп Мұратты айтамыз. Қош бол, айналайын, Мұрат. Пейіштің есігі ашық болсын, басқа тілегіміз жоқ.
Көрнекті тұлға саналы ғұмырында мәдениет, ғылымнан бөлек саясатта да қызмет атқарды. Драматург, ғалым Қазақстанның Қытай Халық республикасындағы елшісі болды. Әдеби зерттеулермен айналысты.200-ден астам жариялымның ,бірнеше монографияның авторы. 2007 жылдан Мұхтар Әуезов атындағы хорды басқарды.
Сұлтан Раев, «Түріксой» халықаралық ұйымының бас хатшысы:
— Қазақ зиялыларының аристократы болған деп айтар едім. Адамгершілігі, ой жүгіртуі біздің есімізде қалды. Себебі, ұлтының асылы, ұрпағы, атасының тәрбиесін көрген, соншалық қазағын сүйген, елін сүйген, еліне күйген. Бүгін әлбетте өте қайғылы оқиға. Бірақ сол жаратқанның шындық дүниесіне барамыз. Ағамыздың жатқан жері пейіш болсын, жүрген жері жәннәт болсын.
Осылайша қалың ел қимай қоштасты. Марқұмды Орталық зиратқа, әкесінің жанына жерледі. Жақсының өзі жер бесікке түскенмен, соңында өшпес өнегесі қалды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!