Байланыс пен интернет сапасын шешуге үш ай уақыт берілді
Бүгін Үкіметте елдегі байланыс пен интернет сапасына сын айтылды. Қарша бораған халықтың шағымы өз алдына. Осы мәселе көтерілген Үкіметтің бүгінгі жиынында тіпті премьер-министрдің өзі аймақтармен байланыса алмай қалды. Олжас Бектенов бұл жолы цифрлық даму министріне проблеманы шешуге үш ай уақыт берді.
Автор: Гүлвира Сейтенова
18.06.2024
Бағасы еселеп өссе де, елде интернет сапасы неге нашар? Бұл сұрақтың жауабын Үкіметте іздеп отырғанда Ақтөбе әкімі жиынға қашықтан қосылуы тиіс сәтте интернет ұятқа қалдырды.
Үкімет басшысы барлық жерді сапалы интернетпен қамти алмай отырмыз, сол үшін күнде халықтан сөз естіп жүрміз деп қапалы. Былтыр байланыс сапасына 21 мың тұрғын шағым айтса, биылғы 5 айда 11 мың адамнан арыз түскен.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
— Мәселе тек шалғай елдімекендерде интернеттің нашар болуында емес. Қалаларда да мобильді байланыс пен интернет сигналының көңілден шықпауы байқалады. Шекара өткізу пункттерінде де байланыс пен интернет сапасы тұрақсыз. Бұл көліктер мен адамдар ағынының шекарадан өтуіне кедергі келтіреді. Осы мәселе жедел шешілуі керек.
Су жаңа министр мәселені 5G ұялы байланысын қосып шешпек. Қазір 20 қалада мыңнан астам базалық станция орнатылған. 2025 жылдың соңына дейін ел түгел 5G аймағында болады-мыс. Министр Мәдиев интернеттің сапасына қатысты сұрақтар бар екенін мойындады, бірақ бұрынғы министр Мусин сияқты, «Токиодан асып түстік» демеді.
Жаслан Мәдиев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
— Мен Токионың жылдамдығын өлшеген емеспін. Маған Қазақстандағы интернеттің жақсы болғаны маңызды, сол үшін жұмыс істеймін.
Мәдиев катарлықтарға сатылған Алтел/Теле 2 компаниясының құнын да айтты. Инвесторлар оны 1 млрд долларға сатып алған. Ал Илон Масктің интернетін елде әзірше тек мектептер қолданады. Starlink-тің бір құралының құны — 2 жарым мың доллар. Мектептер бұл интернет үшін айына 140 мың тг төлейді. Қазір Маңғыстау мен Қызылорда облыстарынан басқа аймақтарда 1400-ден астам білім ордасы Starlink-пен жабдықталыпты.
Жаслан Мәдиев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
— Жыл аяғына дейін осы өңірлерге Starlink терминалдарын таратамыз. Мектептер осы жылдың аяғына дейін алады.
Дегенмен цифрлық даму министрі бүгінгі Үкімет отырысынан «үй тапсырмасын» ала кетті. Ол үш ай ішінде байланысы нашар аймақтарды анықтап, сапаны арттырудың нақты жоспарын дайындауы керек. Күзге дейін байланыс операторларымен бірге ескі интернет-жабдықтардан құтылып, жаңасын орнатуға тиіс.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!