Көкшетауда балабақша тапшылығын жою мақсатында құрылыс қарқынды жүріп жатыр
Көкшетауда балабақша кезегінде тұрған төрт мың бүлдіршін бар. Мектепке дейінгі мекемедегі орын тапшылығын жою үшін қалада биыл қос балабақша құрылысы басталды. Жаңа ғимараттар пайдалануға берілсе қосымша 450 тәрбиеленуші балабақшамен қамтылады. Оған облыс бюджетінен 2 миллиард 700 миллион теңге бөлінген.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
18.06.2024
Ұлы көшпен қандастарымыз «Нұрлы көшке» келіп қонғанда, қала шетіндегі шағын аудан айдаладай көрінген. Өздері қазір «Нұрлыкөш ауылы» деп атап жүр. Осы жерде көптен күткен зәулім ғимарат бой көтерді. Бөбектерге жайлы балабақша болады дегенді естігенде халқы қатты қуанған. Жаңа нысан құрылысы аяқталуға жақын.
Гүлнәзат Қабыл:
— Керемет әдемі жаңа заманауи үлгіде. Сыртынан қарап көз тоярлықтай.Керемет салынып жатыр. Міне, балаларымызды алып күтіп отырмыз. Біреуі төрт жарым жаста, біреуі екі жарым жаста. Балабақшаның ашылуын асыға күтіп отырмыз.
280 орындық балабақша жеке модуль қазандық арқылы жылытылады. Қажет жиһаз, басқа да жабдығы дайын тұр. Енді ішкі әрлеу жұмысы ғана қалған.
Сәттібек Жолдасбаев, Ақмола облысы құрылыс басқармасының бас маманы:
— Балабақша құрылысы 85 пайызға аяқталды. Осы айдың соңында технологиялық жабдықтарды қосамыз. Бұл ғимаратқа облыс бюджетінен 1 миллиард 200 миллион теңге бөлінген.
Қазір құрылысшылар абаттандыру жұмысын жүргізіп жатыр. Көкшетаудағы екі балабақшаны да «Тараз құрылыс инвест» серіктестігі салып жатын.
Қасымхан Оразалы, мердігер мекеме өкілі:
— Тал егіп тастадық. Енді шөп, газон, ауланы абаттандыру қалды. Ішкі жұмыстардан тек қана сырлау қалды. Балалар алаңдарын жасақтаймыз. Бүкіл материал дайын, әкеліп қойған.
166 орындық екінші балабақша Сарыарқа шағын ауданында бой көтереді. Құрылыстың 95 пайызы дайын. Мердігер компания ғимараттың ішін әрлеп, әдемілеуге көшкен. Қабырғаларға қазақ ертегілерінің мазмұнына сай суреттер салуға тапсырма алыпты. Нысанды тамыз айында пайдалануға береміз деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!