Грузия мен Түркия құрамаларының матчы неге төбелеспен басталды
Футболдан Грузия мен Түркия құрамаларының матчы жаппай төбелеспен басталды. Жанкүйерлер ерегесіп, бірін-біріне қолына түскен затты лақтырған. Полицейлер араша түсіп жүріп ылаңды әзер тоқтатты. Ал теннистан Польшадағы турнирде өнер көрсеткен отандасымыз Дмитрий Попко испандыққа есесін жіберіп алды.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
19.06.2024
Германияда өтіп жатқан Еуропа чемпионатында жанкүйерлер шатақ шығарды. Түркия мен Грузия құрамаларының кездесуіне бір жарым сағат қалғанда екі жақтың жанкүйерлері әу баста сөзге келіп, кейін бір-бірін жұдырықтай жөнелген. Қолы жетпегені алыстан айналасындағы заттарды лақтырумен болды. Сәл қалғанда жағдай ушығып кетер еді. Тәртіп сақшылары келген соң бәрі саябырсыды.
Дегенмен жаппай төбелес екі құраманың ойынына кедергі келтірмеді. Белгіленген уақытында басталды. Жиырма бесінші минутында есеп ашылды. Гол соққан Түркия командасының қорғаушысы — Мерт Мөлдір. Араға екі минут сала, Кенан Йылдыз екінші голды соққан. Алайда ойыннан тыс қалғаны анықталып, есепке алынбады. Отыз екінші минутта Георгис Микаутадзе өз мүмкіндігін пайдаланып, таразы басын теңестірді. Бұл — Грузияның Еуропа чемпионатындағы алғашқы голы. Бірақ алпыс бесінші минутта Арда Гюлер алыстан тамаша гол соғып Түркияны алға шығарды. Ойын біте берген сәтте, Түркия футболшысы Керем Актюркоглу бос қақпаға гол соғып, есепті 3:1-ге жеткізді. Осылайша түріктер топтағы бірінші ойында үш ұпайға ие болды.
Қазақстандық теннисші Дмитрий Попко Польшаның Познань қаласында "Челленджер" сериясының бірінші матчын өткізді. Отандасымыз испан теннисшісі Пабло Каррено-Бустамен кездесті. Ойын жүз жиырма алты минутқа созылды. Дмитрий екі сетте де 6:7 есебімен есе берді.
27 жастағы спортшымыз кәсіпқой теннисшілер қауымдастығының рейтингінде 225-орында тұр. Ал қарсыласы 872-орында.
Берлинде өткен WTA-500 турнирде Беларусь теннисшісі Виктория АзАренко Грекия спортшысы Мария Саккаридан басым түсті. Бір жарым сағатқа созылған кездесу 6:4, 6:2 есебімен аяқталды. Мария ойын кезінде жеті рет қателесіпті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!