Тасқын: СҚО-да 47 отбасы баспаналы болды
Солтүстік Қазақстан облысында үйін тасқын қиратқан 47 отбасы үкімет басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев қолынан су жаңа баспана кілтін алды. Мұның алдында 53 жанұя жаңа үйге қоныстанған. Өңірде алғашқы 100 үй «Қазақстан халқына» қорының қаражатына салынды.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
20.06.2024
Ғалия Хамзина Петропавл тұрғыны:
— Көпке дейін есімде сақтаймын. Толқып тұрмын. Мынандай әдемі үйде тұратыныма қуаныштымын. Өз аулам, бақшам болады. Гүл отырғызамын. Үйіміз жарық әрі кең. Жиһаздары да бар, кір де, тұра бер. Мемлекет қамқорлығына рахмет!
Бірлік шағын ауданында жалпы саны 600 жаңа баспана салу жоспарланған. 100 үй құрылысы толық аяқталып, оған баспанасы қирағандар қоныстанып үлгерді. Ішінде тұрмысқа қажет деген техникасы түгел бар. Сапасы жақсы, ауласы кең. Қалған 500 үйдің құрылысы елдегі банктер мен ірі корпорациялар қаражатына салынып жатыр. Құрылысқа мың жарым адам жұмылдырылған. Оның сыртында шағын ауданда мектеп пен балабақша құрлысы да басталған.
Петропавл қаласы мен Қызылжар ауданында апатты үйлерді сүру мен су кірген үйлерге жөндеуге 600 адам қатысып жатыр. Құрылыс пен жөндеу толық аяқталғанша, бір сәт үзіліс болмайды. Бұл мемлекет басшысының жіті бақылауында деді Қанат Бозымбаев.
Қанат Бозымбаев, ҚР премьер-министрінің орынбасары:
— Бұл үйлер аз уақыттың ішінде салынды. Тасқыннан зардап шеккен тұрғындар күн суытқанша баспанасына кіруі керек. Бүгін мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылыс барысын тексеруге өңірге келдім. Құрылыс қарқыны жақсы, бастысы — бәсеңдетпеу керек. Менің ойымша, жұмыс жоспарланған уақытта аяқталады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!