Тасқын: Ақтөбе облысындағы Әйтеке би ауданында 25 отбасы үйлі болды
Ақтөбе облысында тасқыннан үйі қираған Әйтеке би ауданындағы 25 отбасы баспаналы болды. Оларға әкімдік аудан орталығы Темірбек Жүргенов ауылынан үй сатып алып берген.
Автор: Жаңалық Ахаш
20.06.2024
Амангелді Садық, Т.Жүргенов ауылының тұрғыны:
— Екі айдан кейін «үй аласың ба, сатып аласың ба» деп келді. «Үй аламын» дедім. Мына жаққа келіп, мына үйді сатып алдым да, осы үйді алып берді. Рақмет, барлық халық көмектесіп жатыр. Жәрдем беріп жатыр, оларға да рақмет!
Әйтеке би ауданында көктемгі тасқында 51 баспана тұруға жарамай қалған. Тұрғындардың жартысы жаңа үй салып беруді сұраса, қалғаны сатып алғанды жөн санапты. Оларға баспана алатын ақшаны демеушілер бөлген.
Сондай-ақ өңірде 26 үйдің құрылысы басталды. Аудан басшылары тамызға дейін үйлерді салып, тұрғындарға кілтін тапсырамыз дейді. Ақтөбе облысы бойынша апатты деп танылған үй мыңнан асады. Қазіргі күні 400-ден аса баспана сатып алынса, бес жүздей шаңырақтың құрылысы жүріп жатыр. Әйтеке би ауданындағы құрылысты техникалық бақылаушылардан бөлек, үй иелерінің өзі де қадағалап жүр.
Азамат Жанболатов, Әйтеке би ауданы әкімінің орынбасары:
— 26 үйдің құрылысы басталып кетті. Оның ішінде үш мердігер компания Жүргенов ауылында 20 үй, Құмқұдық ауылында бес үй және Жамбыл ауылында бір үй салып жтыр. Жоспар бойынша барлық жұмыс бірінші тамызда аяқталады. Қазір құрылыс алаңында жұмыс күші мен материалдар жеткілікті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!