Дағыстан: Лаңкестік әрекетті әзірге ешбір ұйым мойнына алмады
Дағыстандағы лаңкес әрекетті әзірге ешбір ұйым мойнына алмады. Кеше көршілес елде православ шіркеуі мен синагогаға жасалған шабуылдан 19 адам қаза тапты. Оның 15-і полиция мен дін қызметкерлері, төртеуі — бейбіт тұрғын. Махачкала мен Дербентте ылаң салғандардың көзі жайылған. Содырлардың арасында Сергокала ауданы басшысының екі ұлы болыпты.
Автор: Әсем Лесбек
24.06.2024
Бүгін таңнан бері олардың әкесі тергеліп жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жағдайды «адамзатқа жасалған қастандық» деп бағалап, Ресей президенті Владимир Путинге көңіл айту жеделхатын жолдады. Дағыстанда үш күндік аза тұту жарияланды.
Кеше кешкі сағат 6-дан бері Дағыстанның тынышығы бұзылды. Дербент пен Махачкалада православ храмы мен еврейлердің синагогасына белгісіз біреулер шабуыл жасады. Онымен қоймай, лаңкесшілер жол-патруль қызмет бекеті мен полицейлерге де оқ жаудырған. Атыстан 15-тен астам құқық қорғау қызметкерлері мен шіркеу жұмысшысы көз жұмды. Зардап шеккендер де көп.
Зафир Зафиров, РФ Ұлттық гвардия қызметкері:
— Әрине ,бірінші орында өзіңді қорғау жағын ойлайсың. Дегенмен халықтың қауіпсіздігі бәрінен де маңызды. Қолымнан келгенше тұрғындарды қорғауға тырыстым. Оқ оң жақ иығыма тиді. Көз алдымда әріптестерімді атқылап жатты. Тұрғындарға да оқ тиді.
Қос қалада түнімен содырлар мен күш құрылымдары арасында атыс жалғасты. Кейін шабуылшылардың бір тобы Дербенттегі ғимараттардың бірінде қолға түскен. Артынша Дағыстан басшысы халықты сабырға шақырып, тұрғындарға видеоүндеу жолдады.
Cергей Меликов, Дағыстан басшысы:
— Біз лаңкестік шабуылдарды ұйымдастырудың артында кім тұрғанын және қандай мақсатты көздегенін түсінеміз. Жасырын ұйымның барлық қатысушысы анықталғанша ,тергеуді тоқтатпаймыз. Қайтыс болғандардың туыстарына көңіл айтамын. Марқұмдар мен зардап шеккендердің отбасыларына материалдық көмек көрсетіледі.
Шабуылдан кейін Дағыстанда алдағы үш күн қаралы күн деп жарияланды. Республикада жедел штаб құрылып, терроризмге қарсы операция аяқталған. Қазірге дейін 6 лаңкестің көзі жойылыпты. Шабуылға байланысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинге көңіл айту жеделхатын жолдады. Мемлекет басшысы еліміз құқық қорғау жүйесі арқылы көмек көрсетуге дайын екенін жеткізкен.
Максим Рожин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
— Президенттің терроризмге қатысты айтқан пікірі өзекті мәселе. Өйткені біздің елде бұған ерекше назар аударады. Бұл жантүршігерлік жағдай, шынын айту керек. Қазақстан үшін бұл миға қонымсыз дүние. Өйткені біздің елде тұрақтылық, бейбітшілік, бейбіт өмір сүру қағидалары басты назарда. Сондықтан алдағы уақытта халықаралық деңгейде болсын, еліміздің ішінде қауіпсіздік мәселесіне болсын ,бұл мәселеге ерекше назар аударылады деп ойлаймын.
Қазір аталған қалаларда тергеу жүріп жатыр. Үш бап бойынша қылмыстық іс қозғалған. Көзі жойылған лаңкестердің кім екені де анықталды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!