Қызын үйінде өлтіріп, өзі аттракционнан секіріп кеткен
Туған қызын тұншықтырып, артынан өзіне қол жұмсаған. Кеше Алматының орталық саябағында аттракционнан секірмес бұрын, келіншек үйіндегі бес жасар қызын өлтірген. Қазір полиция суицидпен қоса, кәмелетке толмағанды өлтіру бабы бойынша да тергеуді бастады.
Автор: Ақтоты Жұмабек
25.06.2024
Ал марқұмның көршілер 41 жастағы Юлияны үй шаруасындағы үлгілі әйел ретінде біледі екен. Күйеуінің табысы жақсы, зәулім үйде тұрады дейді. Отағасы жұмыста болған кезде әйелі қызын буындырып өлтірген.
Алматыдағы Орталық мәдениет және демалыс саябағындағы жағдай жұрттың жағасын ұстаты. Оншақты куәгердің көзінше 41 жастағы келіншек аттракционнан секіріп кеткен. Биіктен құлаған әйелдің денесінің сау-тамтығы қалмай, қатты соққыдан Юлия сол жерде көз жұмды.
Жантүршігерлік оқиға кешкі уақытта саябақта болған. Өмірімен қош айтасуға бел буған әйел алдымен айналаны жоғарыдан тамашалауға мүмкіндік беретін аттракционға билет сатып алып, кабиналардың біріне отырған. Сосын жоғарыға көтерілгенде, 20 метр биіктіктен секіріпті.
Марқұм әйел Алматы облысы Іле ауданындағы жеке тұрғын үйде отбасымен болған. Келіншек өзіне қол жұмсамас бұрын өз үйінде жалғыз қызын тұншықтырып өлтірген. Көршілердің айтуынша, қайғылы оқиға болған кезде күйеуі үйде болмаған. Ал әйелдің бұрын-соңды оғаш қылығын байқамадық деп отыр.
Ольга Нұржаубаева, көршісі:
— Біз ештеңе естімедік, жақсы тұратын. Ауқатты отбасы. Барлығы жақсы жұмыс істеді және жақсы өмір сүрді. Жыл сайын шетелге демалуға баратын. Білмеймін, не жетпегенін.
Көршілер бұл отбасының осы ауылда тұрып жатқанына он жылдан асқанын айтады. Сырт көзге мұндай қылмысқа барады деп ойламадық деп шошып отыр. Марқұм әйел өте тиянақты, мұнтаздай еді дейді.
Наргиза Авезметова, көршісі:
— Ешкіммен сөйлеспейтін, өзімен-өзі жүретін.Тып-тыныш әйел болатын. Қызының өзі сондай жақсы қыз болатын. Біз сондай жағдай болады деп күтпедік. Бір-біріне жақсы қарайтын. Өнегелі отбасы болды деп айтсам да болады.
Саябақ қызметкерлерінің айтуынша, марқұм ұқыпты киінген, келісті келіншек болған. Қимыл-әрекетінен ешқандай оғаш қылық байқамадық дейді.
Елена Кадет, саябақ қызметкері:
— Ол келіп карта сатып алды. Бізде карта жүйесі – турникет бар. Картаны сатып алып, дөңгелекке қарай қатты жүгірді. Қазір адам жоқ қой. Ол бірінші келді. Қыздар картамен оны өткізді. Сөйтіп кабинаға отырды. Бір қалыпты. Ешқандай орынсыз мінез-құлық байқалған жоқ.
Марқұм әйел жедел жәрдем келгенше жан тапсырған. Қазір полиция өз-өзіне қол жұмсау дерегі және кәмелетке толмаған баланың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғап, аза бойыңды қаза қылар оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.
Меруерт Морякова, Алматы облысы ІІД ресми өкілі:
— Қыз баланың қайтыс болу фактісімен тергеу жүргізіліп жатыр. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай, жария етілмейді.
Марқұм әйел мен кішкентай қыздың артында қара жамылып әкесі қалды. Қаза тапқан жанның мұндай қадамға баруына не себеп болғаны әзірге белгісіз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!