Тасқын: Мемлекет мүлігін қалпына келтіруге 49 млрд теңге қажет
Тасқыннан зардап шеккен жолдар, мектептер, ауруханалар және басқа да мемлекеттік мүлікті қалпына келтіруге қырық тоғыз миллиард теңге қажет. Бұл туралы апат салдарын жоюға жауапты болып тағайындалған премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев мәлімдеді. Бүгін бюджеттен қандай мақсатта ақша бөлініп, демеушілер нені қаржыландырады деген дауға нүкте қойылды.
Автор: Мерей Қалиасқар
25.06.2024
Үкімет отырысында кезекті рет су тасқыны салдарынан болған шығын мен инфрақұрылымды қайта қалпына келтіру жайы сөз болды. Құрылыс пен жөндеу жұмысы, залал көлемі мен қаржыландыру көздері туралы БАҚ өкілдерінің сауалына көбіне осы мәселеге жауапты премьер-министрдің орынбасары жауап берді.
Айта кетейік, бір кездері Министрлер кабинетінің мүшесі болған Қанат Бозымбаев су тасқыны бастала сала, үкіметке қайта оралды. Себебі апаттан зардап шеккен аймақтарды қалпына келтіру жұмысы тікелей оған тапсырылған болатын.
Журналистер алдына әріптестерімен бірге шыққан вице-премьер сауалдарға іркілмей жауап беріп, әлдебір ақпараттың рас-өтірігін кесіп, турасын айтып бақты. Әйтеуір бұл жолы деректер мен сандар және нақты мерзім аталды. Мысалы, мемлекеттік инфрақұрылымды қалпына келтіру үшін талап етілетін сома белгілі болды.
Қанат Бозымбаев, ҚР премьер-министрінің орынбасары:
— Инфрақұрылымды қалпына келтіруге жалпы қажеттілік 48,7 млрд теңгеге бағаланды. Бұл қаражат автомобиль жолдарын, электрмен жабдықтау желілерін қалпына келтіруге және әлеуметтік нысандарды жөндеуге бағытталады.
Ал жеке компанияларға тиесілі электр желілері, яки жылу желілері бюджет есебінен жөнделмейді деп түсіндірді Бозымбаев. Мұнымен меншік иелерінің өзі айналысады әрі демеушілердің де көмегі тиеді. Сондай-ақ тасқыннан зардап шеккен қазақстандықтарға да сол қайырымдылық қорлары арқылы жаңа жиһаздар мен жабдықтар алынуда. «Бұл ретте тұрғындардың шағымына әкімдік жауапты емес» деп, вице-премьер астын сызып айтты. Ол қиын-қыстау кезде ақша бөліп қолдау көрсеткен бай-манаптардың әрекетін жоғары бағалады. Айтпақшы, сол кәсіпкерлер өткен аптада Президенттің алғысына бөленген еді.
Қанат Бозымбаев, ҚР премьер-министрінің орынбасары:
— Демеушілер ол қаражатты марапат үшін беріп отырған жоқ. Тек біздің халқымызды аяп, “қандай көмек көрсете аламын” деп, таза ниетімен қаржы беріп отыр. Біз «құлақ асатын мемлекет» деп айтып отырмыз, кейбіреуінің құлағы естиді, кейбіреуінікі естімейді. Енді оған не істейсің ...
Бүгін алғаш рет су тасқына байланысты өңірлерге ақша берген олигархтардың да тізімі жария етілді. Бұл ретте құрылыс министрі баспанасы жөндеуге келмейтіндер үшін салынып жатқан үйлердің сапасы жайында сөз бастады. Қанат Шарлапаев барлығы да талапқа әрі стандартқа сай салынатынын жеткізді.
Қанат Шарлапаев, Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
— Үйлер су тасқыны қайталанбайтын жерлерге салынады. Құрылыс орнынанда техникалық бақылауды арнайы компаниялар жүргізіп жатыр. Олар осы құрылысқа арнайы таңдалып алынды. Сондай-ақ бақылауды жергілікті органдар да атқарып жатыр. Жағдайды жіті қадағалап отырмыз, құрылыс барысын тексеруге барып тұрамыз.
Әзірге Министрлер кабинеті тұрғын үйлерді қалпына келтіруге шамамен 257 млрд теңге жұмсалады деп отыр. Десе де бұл сома әлі де өзгеруі мүмкін. Жалпы апаттан кейін бүгінгідей сан соғып, қыруар қаржыны жұмсамау үшін оның алдын алған маңызды. Сондықтан су ресурстары және ирригация министрі алдағы уақытта ірі су тасқынының алдын алу үшін бірқатар іс жоспарлап отырғанын жеткізді.
Нұржан Нұржігітов , ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:
— Бұл кешенді жұмысты қажет етеді. Бұған өзен арналарын тереңдету және тазалау кіреді. Оның ішінде су қоймаларын салу, суару жүйелерін салу мен бөгеттерді абаттандыру сынды бірқатар жұмыс бар.
Қорыта айтқанда, күзге қарай бұқара баспанасыз қалмас үшін меморгандар уақытылы әрі сапалы жұмыс істеуі керек. Үкіметтің берген басты тапсырмасы да сол.
Жалпы осы уақытқа дейін үш жарым мыңға жуық отбасы қираған баспанасының орнына жаңа үй алды. Қазір Батыс Қазақстан, Қостанай, Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Солтүстік Қазақстан мен Павлодар облыстарында зардап шеккен азаматтарға арналған 2 жарым мың жаңа үйдің құрылысы басталды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!