«60 жыл жөнделмеген». Қарағандыда жарық жиі сөніп, техника істен шығып жатыр
Қарағандыда энергия тапшылығы сезіле бастады. Қаланың әр бөлігінде күнара жарық сөніп, тұрмыс техникалары істен шығып жатыр. «Қарағанды жарық» мекемесі тозығы жеткен жүйені жамап-жасқаудан шаршаған. Сондықтан желілерді жаңартып, жаңа қосалқы станция салу керек. Оған 14 миллард теңге қаражат қажет.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
25.06.2024
Жібек Мұқашеваның үйінде жаз басталғалы бері бірнеше тұрмыс техникасы күйіп кеткен. «Бұл жарықтың жиі жыпылықтауынан» дейді. Бірақ бүлінген дүниесінің шығынын дауламақ түгілі, қалғанын қалай сақтап қалам деп басын қатырып жүр. Себебі жарық соңғы күндері жиі сөнеді.
Жібек Мұқашева:
— Шоқ самаурын қойып шай ішейік деп күлетін жағдайға жеттік. 90-жылдарға қайтып келдік пе? Соңғы екі күнде бес рет сөнді, міне, осыған қарап жиі сөнеді деп айтуға болады. Кеше тағы да сөнді, көршіміз қонақ шақырған екен, біз далада жүрдік. Сонда қарап отырмыз, қонақтары кетіп қалды.
Ел көп шоғырланған ауданды жарықпен қамтитын қосалқы станцияға 12 жыл бұрын күрделі жөндеу жүрген. Онда 16 мың Амперден 40 мыңға дейін қуаты көбейіпті. Негізгі тораптағы энергия осы ауданға жетіп артылуы керек еді. Бірақ олай болмады. Мамандар негізгі тораптан шағын қосалқы станцияға баратын жоғарғы кернеулі желілердің тозғанын айтады. Қосалқы станциялрдың да әрең тұрғаны жетерлік. Сондықтан биыл үшеуі салынып, қалған төртеуі күрделі жөндеуден өткізіледі. Жоғарғы керенулі кабелдің сегіз шақырымы жаңасына ауыстырылады.
Дидар Ахмадин, «Қарағанды Жарық» ЖШС бас директоры:
— Жеткілікті, бірақ шығатын кабельдің өткізілімдігі жетпей тұр. Кеңестер заманында салынған, әлсіз. Қазір әр пәтерде кондиционер, титан, электрплита бар. Кезінде газплита болған, қазір жоқ қой. Бәрі салмақ салып жатыр.
Қалада 60 жылдан бері бері жөндеу көрмеген электр жүйесінің 73 пайызы ескірген. Бүгінде бар станцияның жеті пайызы ғана орташа және толық жөндеуден өтіпті. Ал ертең қаланың оңтүстік-шығысындағы 25 мыңнан астам тұтынушы таңнан кешке дейін жарықсыз отырады. Себебі жөндеуге байланысты тағы үш күн шағын аудандарды кезекпен сөндіру жоспарланған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!