{metadescription}
Көршілер наразылығы: Үйінде 20 шақты ит асырап отыр
Көршілер наразылығы: Үйінде 20 шақты ит асырап отыр

Көршілер наразылығы: Үйінде 20 шақты ит асырап отыр

Үйінде жиырма шақты ит асырап отырған тұрғынға көршілері қарсы шықты. Өйткені оның көшеге тұмылдырықсыз жіберген төбеттері балаларға қауіп төндіруде дейді. Алматы облысы Іргелі ауылындағы жұртттің айтуынша, осыншама жануарға ие бола алмай отырған азаматқа шара қолданар ешкім табылмапты. Тіпті бос жіберген бұралқылардың бірі жақында сегіз жасар қызды қауып алған. Мәселенің мән-жайын КТК тілшісі анықтап көрді.

Азу тісі ақсиған бұралқы иттердің кесірінен Алмалыбақ ауылының тұрғындары көшеде емін-еркін жүруден қалған. Адам көрсе арсылдай жөнелетін иттердің иесі болғанымен, көбінесе көше кезіп жүреді екен. Ата-ананың басты уайымы бала-шаға қауіпсіздігі.

Іргелідегі саяжайда тұратын Алена Манойлоның сегіз жасар қызы осыдан бірнеше ай бұрын иттен қашамын деп жарақат алған. Үлкен жараларын бірден тігіп, құтырмаға қарсы екпе салғызған. Бір ай бойы емделген. 15 иті бар көршісінің үйінің жанынан бала тұрмақ, ересек адам да өте алмайды екен. Өйткені бос жүрген иттер аулаға жақындай бергенде, иттер қарсы атылып арсылдайды.

Алена Манойло, Іргелі ауыл округінің тұрғыны:

 Ол иттерді антисанитарияда асырап жатыр. Арнайы қоршау тұрмақ, қарғыбауы да жоқ. Тіпті тамағын да дұрыс бермейді. Сондықтан аш құрсақ, қабаған иттер адамдарға қарай атылады. Мәселен, қолайсыз ауа райында жиі электр жарығы өшіп қалады. Ал тоқ көзі төмен жақта орналасқан. Ол жаққа бару үшін осы көршіміздің үйінің жанына өтуге мәжбүрміз.

Саяжайда 40-тан астам үй бар. Тұрғындарының айтуынша, иттер кешкі уақытта көшеде шұбырып жүреді. Қабаған төбеттерін өз ауласында ұстаудың орнына, еркіне жіберіп қойған көршісі төртаяқтылардың «ешкімге тигізер зияны жоқ» деп, бет бақтырмады.

Дамир Мурсалимов, иттердің иесі:

 Бұл иттер менімен бір үйдің ішінде тұрады. Қоршаудың қажеті жоқ. Видеодағы жануарлардың арасында менің иттерім жоқ. Мен тіпті сотты да жеңіп шыққанмын. Қазір демеуші іздестіру үстіндемін. Жақында үлкен қоршау қойсам деймін. Не болмаса басқа жаққа көшіп кететін ойым бар. 

Көршісінің ақылға келетінінен күдер үзген тұрғындар әкімдікке де бірнеше рет арыз жазған. Алайда ол тараптан да еш шара қолданылмай жатқанын айтады. Өйткені мұндай иттердің иесі ешқандай жауапқа тартылмайды екен. Сондықтан Дамир 10 айлық есептік көрсеткіш, яғни 36 мың теңге айыппұл төлеп құтылған.

Санжар Мұратұлы, Қарасай ауданы Іргелі ауыл округі әкімі аппаратының жетекші маманы:

 Біз ешқандай шара қолдана алмаймыз. Егер де көшеде қаңғып жүрген иттер болса, біз ол иттерді аулай аламыз. Қазір ветстанциямен сөйлестік, бұл иттердің чипы бар деп тұр. Біз чипы бар иттерді ұстай алмаймыз. Біз өзіміздің жергілікті учаскелік полициямен бірнеше рет бұл кісіге ескерту жасадық.

Қабаған иттердің қожайыны жануарлардың не құжаты, не құлағында арнайы чиптың жоқ екенін растап отыр. Ендігі тұрғындарды «ит асырауда барлық талапты бұзған көршісінің көшеде қаңғытып қойған жануарларын ұстап әкетуге не кедергі?» деген сұрақ мазалайды.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

28 қыркүйек

27 қыркүйек

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде