{metadescription}
Бишімбаев ісі: Судьялар үкімді еш өзгеріссіз қалдырды
Бишімбаев ісі: Судьялар үкімді еш өзгеріссіз қалдырды

Бишімбаев ісі: Судьялар үкімді еш өзгеріссіз қалдырды

Бүгін Астана соты әйелін өлтірді деп сотталған Қуандық Бишімбаев пен оның қылмысын жасырған бауыры Бақытжан Байжановтың апелляциялық шағымы қаралды. Экс-министрдің адвокаттары сот процесінде судья Айжан Құлбаева тарапынан, кем дегенде, 20-дан астам өрескел қателік жіберілді деп мәлімдеді.

Осыны алға тартқан қорғаушы тарап кесілген жаза мерзімін қысқартуды сұраса, Байжановтың адвокаттары үкімнің күшін мүлдем жоюды талап еткен. Апелляциялық сот көпке созбай-ақ үкімді кесті.

Астанада Қуандық Бишімбаев пен оның бауыры Бақытжан Байжановтың апелляциялық ісі қалалық сот ғимаратында өтті. Атышулы қылмыстық істің жалғасы бұл жолы да онлайн көрсетілді. Сот процесінде, әдеттегідей, жиналған халықтың қарасы көп. Бір жарым ай бұрын 24 жылға бас бостандығынан айырылған Бишімбаевты қолдауға анасы мен үш адвокаты келген.

Қылмыстық істі апелляциялық сатыда мүлдем өзге үш судья қарастырды. Прокурорлар да жаңадан тағайындалған. Бишімбаевтың қорғаушылары шыққан үкімді жоюға тас-түйін дайындалып келіпті. Сөзінің әлқиссасын әріден бастаған адвокат Ерлан Ғазымжанов алқа билерді іріктеу кезінде-ақ өрескел қателіктер жіберілді деп барлығын жіпке тізді.

Ерлан Ғазымжанов, Қуандық Бишімбаевтың адвокаты:

Алқа билерді бекіту кезінде ақ заң бұзылғанын мәлімдеймін. Бишімбаевпен жасты еркек кіндік ұлдары бар барлық әйелдер тізімнен алып тасталынды. Сондай баласы үшке томаған әйелдер өз еркінен тыс алқа би ретінде таңдалды. Ал ең сорақысы , мен сот отырысы басталған уақытта әлеуметтік желіде мынадай жазба байқадым. Имансейітова 82 аккаунтымен отырған адам өзінің алқа би екенін айтқан. Желі қолданушыларымен байланысқа шығып, пікір алмасады. Бұл барып тұрған заңсыздық.

Экс-министрдің өзі сот процесіне қазылық еткен судья Айжан Күлбаева «біраз дәйекті аргументіме құлақ аспады» деп налиды.

Қуандық Бишімбаев:

Шындық, менің түсінуімше, ешкімге керек жоқ. Шешім алдын ала шығарылып қойылған.

Адвокаттардың айтуынша, Ресейден арнайы алдыртқан медсарапшының қорытындысын да Күлбаева кәдеге асырмай, ысырып қойған. Мәйітке сот-сараптама жүргізген отандық сарапшы Халимназаровтың ғана қорытындысы тыңдалып, «үніміз жартасқа соғылғандай күй кештік» дейді.

Ал бүгінгі апелляциялық шағымда қорғаушылардың басты мақсаты Қуандық Уәлиханұлының соттау мерзімін екі есеге қысқартып, «қинау» бабы бойынша экс-министрге шыққан үкімнің күшін жойдыру.

Назкен Құсаинова, Қуандық Бишімбаевтың адвокаты:

Аса қатігездікпен адам өлтіру» бабын «абайсызда өлімге әкеп соқтырған денсаулыққа ауыр зиян келтіру» бабына ауыстырып, жазаны жеңілдетуді сұраймыз. Бұл бап бойынша 8 ден 12 жылға дейін бас бостандығынан айрылады. Сондай-ақ судья Күлбаеваның сот процесінде Бишімбаев телефонын қараған тұста эмоциясын сыртқа білдіріп қоюы кәсібилікке жат деп санаймыз.

Ал жеңгесінің өлімін дер кезінде хабарламағаны үшін өмірінің астан-кестеңі шыққан Бақытжан Байжанов бұған дейін 4 жылға сотталған еді. Адвокаттары тарихта осыған ұқсас қылмыстық істерді санамалап, үкімнің күшін мүлдем жоюды сұрады немесе жазаны үйқамаққа ауыстыру жөн деп санайды.

Барлық тарапты тыңдап болған соң судьялар кеңесу бөлмесіне кетіп, бір сағат үзілістен кейін үкімнің еш өзгеріссіз қалатынын хабарлады. Жазасын бүгінге дейін уақытша тергеу изоляторында өтеп жатқан Бишімбаев енді нақты жазасын өтейтін түрмеге жөнелтіледі. Енді сотталған тараптың жүгіне алатын соңғы инстанциясы Жоғарғы сот.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде