Зейнетақы жинағын пайдалану жан-жақты талқыланып барып шешіледі
Жан-жақты талқылап, бір-ақ шешеміз! Зейнетақы жинағын пайдалануды тоқтату туралы ұсынысқа премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова осындай пікірі білдірді. Үкімет бұл бастаманы «қолдай ма, жоқ па» деген сауалға вице-премьер әлі жауап беруге дайын емес. Алдымен еңбек министрлігі мен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры белгілі бір есептеулер жүргізуі керек дейді Дүйсенова.
Автор: Мерей Қалиасқар
26.06.2024
Тамара Дүйсенова, ҚР премьер-министрінің орынбасары:
— Тоқтату керек пе, әлде жалғастырамыз ба, оны тек сол есептеулерге сүйене отырып жауап беруге болады. Мен мұны сол талдаудан кейін ғана, яғни бәріміздің бұл ретте жинаған ақшамыз жеткілікті екенін көріп, ертең сол зейнетақымызды ала алатынымызға көз жеткізгенде ғана қолдаймын.
Бүгінде зейнетақы жинақтарының бір бөлігін баспана жағдайын жақсарту, емделу үшін мерзімінен бұрын алуға болады. Дегенмен салымшының жасына қарай есепшотында белгілі бір мөлшерде қаражат болуы шарт. Тек содан асқан бөлігін ғана алуға рұқсат етіледі.
Естеріңізге сала кетейік, бұл президент тапсырмасымен алғаш 2021 жылы жүзеге асырылған. Бір жарым миллионға жуық азамат оны сәтті пайдаланды. Біртіндеп зейнетақы «қалдықтарын» алудың шекті деңгейі де көтерілген болатын.
Ал жақында кейбір сарапшылар зейнетақыны мерзімінен бұрын алуға тіпті тыйым салуды ұсынған. «Мәселе 2-3 айда қаралып, талқыға түседі» деген вице-премьер азаматтар мен зейнеткерлердің ойы ескерілетінін атап өтті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!