Парламент екінші сессиясы. Биылғы саяси маусым несімен ерекше?
Парламент жазғы каникулға кетті. Бүгін қос палата бірлескен отырысын өткізіп, екінші сессияның жұмысын қорытындылады. Ескертпе де, ескерілуі тиіс тұстар да көп. Депутаттар біршамасын жіпке де тізді. Сонымен биылғы саяси маусым несімен ерекше?
Автор: Мерей Қалиасқар
28.06.2024
Заң шығарушы органның жұмысын қорытындылаған депутаттар Үкіметке біраз сын-ескертпелерменбүгінгі бірлескен отырысты бастады. Министрлер кабинеті жылда шикі жазылған заң жобаларын әкеліп, оны ақыры депутаттар тағы да пысықтап қайта жазып шығуға мәжбүр дейді Мәжіліс спикері. Депутат сауалдарына жауаптар да Қошановтың көңілінен шықпаған.
Ерлан Қошанов, Мәжіліс төрағасы:
— Мемлекет органдарының жауабы депутаттардың көңілінен шыға бермейді. Баяғы жартас сол жартас. Депутат сауалдарына сырғытпа, үстірт жауап беріледі, нақтылық жоқ. Оның артында қаншама азаматтың тағдыры, талап-тілегі мен мұң-мұқтажы тұр. Үкімет осы айтылған мәселелерге баса назар аударуы керек.
Мәжіліс төрағасы заң жобасын енгізу мерзімі де жиі кешіктірілетінін жеткізді. Бұған бір жылға жуық уақыт шегерілген су кодексі дәлел. Депутаттардың түзетулеріне қорытынды беру мерзімі де тым ұзақ. Соның салдарынан көп жағдайда депутаттардың құжатпен сапалы жұмыс істеуіне уақыты тығыз болады. Сондай-ақ депутаттар шенеуніктерге мейлінше ашық болуға, әсіресе журналистерді көре сала қашпауға шақырды.
Асхат Аймағамбетов, Мәжіліс депутаты:
— Кейбір шенділер "бізге дұрыс сұрақ қоймайды" дейді, әлде басқа да айып қояды. Менің ойымша, барлық сұраққа дайын болу керек. Өз саласын жақсы меңгеру керек, білуі керек. Сонда ыңғайсыз сұрақтар болмайды. Әр сұрақ сонда ыңғайлы болады, түсінікті болады. Өйткені біздің басты міндет — халыққа істеп жатқан жұмысты жеткізу.
Ал бұл міндетін депутаттар бүгін өте жақсы орындады. Барлығы атқарған істерін жіпке тізді.
Айдос Сарым, Мәжіліс депутаты:
— Мысалы, алтыншы шақырылыммен салыстырсақ, бізде революциялық өзгерістер болды. Құрам 70 пайызға жаңартылды. Біз күтпеген адамдардың өзі діттеген нәтижелерге жетіп, әжептеуір тәжірибе жинақтап үлгерді. Бұрын еш қорықпастан, Мәжіліске жайбарақат келіп-кетіп жүргендер, бұл күндері терлеп-тепшіп, жанын шүберекке түйіп шығатын болды.
Аманжол Әлтай да биылғы жұмыс маусымы нәтижелі әрі табысты болды дейді. Ол президенттің Парламентке берген оң бағасы мәжілісмендерді масайрауға, етек-жеңін кеңге салуға себеп емес. Керісінше, жұмысты ықпалды етуге, ширата түсуге сеп болады деген сенімде.
Аманжол Әлтай, Мәжіліс депутаты:
— Спорт бағытындағы мініс және жегін жылқыларын қолдауға арналған заң жобасы кеше ғана Сенатта қабылданып Президентке жолданды. СМС арқылы қалта телефондарыңызға әр түрлі құмар ойынға итермелейтін хабарламалар келіп тұрады ғой. Соған тыйым салуға арнайы норма берген болатынмын. Сол нормам өтті. Балаларымыз 18 жасқа дейін Ұлттық қордан өз несібесін ала бастады. Сол бойынша да заң қабылданды.
Қорыта айтқандағ биыл сессияда екі палатаның қарауында 179 заң жобасы болып, соның 102-сі қабылданған. Қазір Парламент талқысында әлі 71 заң жобасы бар. Жазғы демалыстан кейін депутат корпусы бюджет, салық, құрылыс, су және жаңа цифрлық кодекс бойынша бірқатар жұмыс атқармақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!