Ақтөбеде көлік салығын төлеуден жалтарып жүргендер көбейген
Ақтөбеде үш жарым мыңнан аса тұрғын көлік салығын төлеуден жалтарып жүр. Амалы таусылған кіріс басқармасының қызметкерлері жол сақшыларымен бірлесіп, оларды көшеден ұстауға мәжбүр. Арнайы рейдте түрлі сылтау айтып, сытылып кетпекші болған жүргізушілер де болды.
Автор: Жаңалық Ахаш
28.06.2024
Еркін Сағындықов, Ақтөбе кірістер басқармасының бас маманы:
— Себептері әртүрлі. Әркімнің қарыздары бар. Түрлі сылтау айтылады. "Айлық түспей жатыр", "қарызым бар еді", "ана жылы көлігімді сатып жіберіп едім" дейді. Халық 2023 жылы сатылып кеткен машина салығы 2024 жылы наурыздан бастап шығатынынан дұрыс хабары жоқ.
Жол бойында ұсталғандар салыққа қарызын сол бойда төлеуге келіседі. Рейдте ақша жоқтығын айтып, кірістер басқармасы мамандарынан қашуды көздеген үш көлікті айып тұрағына қойды. Ең қызығы, қымбат көлік тізгіндегендер мемлекет алдындағы берешегін өтеуге асықпайды. Мәселен, "Гелендваген" тізгіндеген борышкер миллион теңгеге жуық салық төлемеген. Қазір көлікке ақтөбеліктердің салыққа берешегі 369 миллион теңге. Өз еркімен, тездетіп ақша төлемегендердің соңына енді сот орындаушылары шам алып түспекші.
Гүлзира Сермағамбетова, жеке сот орындаушы:
— Борышкерлер мүлкіне екінші деңгейлі банктегі есепшотына тыйым салынады. Жеке иеліктегі жылжымайтын мүлкі бар ма, соны тексере отырып, бұғаттап, әрі қарай төлемеген жағдайды сатылымға шығарылады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!