Балқаш қаласы ауыз сусыз қалды
40 градус ыстықта Балқаш қаласы ауыз сусыз қалды. Аспан айналып түсердей аптапта қала тұрғындары таңнан бері әбден қаталады. Сөйтсе Балқаш қаласының негізгі станциясында тереңнен су айдайтын үш насос бірдей істен шығыпты.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
28.06.2024
Түнгі сағат үште майлы изолятордан от тұтанып, трансформатор жарылған екен. Оны өшіргенімен, қосалқы станцияны іске қосу керек болды. Соның салдарынан бүкіл қала, Балқаш станциясы және Қоңырат шағын ауданы сусыз қалған. Балқаштықтар ауыз сусыз қалуға еті үйренген. Су таситын көліктер бүгін де әдеттегідей қаланы аралады. Осыдан екі ай бұрын негізгі құбыр жарылып, халық күні бойы сусыз отырды. Ал былтыр сәуірде Тоқырау станциясыныдағы насосты станциядағы апаттан соң, балқаштықтар бір апта бойы қаталап қалған. Бүгінгі ақауды бірнеше бригада жабылып жөндеді. Енді резервуарларға су жиналып жатыр. Шеткі аудандарға ақырындап су беріле бастаған.
Сапар Сатаев Балқаш қаласының әкімі:
— Қазір екі жақ тораппен су ашылды. Екі сағаттың ішінде су қысымы көтеріліп, су қалпына келтіріледі. Мен үшінші шағынаудан, Жидебай батыр көшесінде екі-үш тұрғынның үйіне кіріп судың келуін қадағалап шықтым. Су қысымының көтерілуін екі сағат күту керек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!