{metadescription}
Си Цзиньпин: Қытай Қазақстанның ішкі ісіне сыртқы күштердің араласуына қарсы
Си Цзиньпин: Қытай Қазақстанның ішкі ісіне сыртқы күштердің араласуына қарсы

Си Цзиньпин: Қытай Қазақстанның ішкі ісіне сыртқы күштердің араласуына қарсы

Астанаға Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин келді. Мәртебелі мейманды президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі елорда әуежайында қарсы алып, құрмет қарауылы сап түзеді. Қос елдің жалауын қолына ұстаған бүлдіршіндер Қытай төрағасына ерекше ілтипат көрсетті.

Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне Си Цзиньпиннің өзгелерден ерте келуі тегін емес. Көршімізбен күн бұрын бас қосып, алда саралайтын мәселе көп.

Алдағы үш күн бүкіл әлем бас қаламыз Астанаға көз тігіп отыр. Олай дейтініміз, жер-жаһанда соңғы жылдары салмағы артқан Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатысатын 15 мемлекеттің басшысы елордаға жиналады. Біріккен ұлттар ұйымының бас хатшысы да мәртебелі меймандар қатарында. Ал өзге әріптестерінен ерекше, ең бірінші болып қазақ жеріне Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпиннің табаны тиді.

Ұшақтан түсе сала, президент Қасым-Жомарт Тоқаев қытай тілінде өз ілтипатын білдірсе, кішкентай бүлдіршіндеріміз делегацияға құрметін өлеңмен өрнектеп жеткізді.

Қытай төрағасы бұған дейін еш мемлекетте үш күнге тоқтап сапарламаған екен. Қазақ еліне деген ерекше көзқарасын Си Цзиньпин бүгін жариялаған мақаласында ашып жеткізді. Ол Қытай Қазақстанның ішкі ісіне сыртқы күштердің араласуына қарсы екенін айтқан.

Си Цзиньпин, Қытай Халық Республикасының төрағасы:

Қытай Қазақстанның ұлттық тәуелсіздігін, егемендігін және аумақтық тұтастығын қорғау, мемлекеттің өркендеуін қамтамасыз ету үшін ішкі және сыртқы саясатты іске асыру жөніндегі күш-жігерін үнемі қолдайды. Қазақстанның ішкі істеріне қандай да бір сыртқы күштердің араласуына қарсы. Қиын сәттерде, су тасқыны, пандемия немесе басқа сынақ болсын, біз әрқашан өзара көмек қолын созып, арқамызды тосып, бір-бірімізге ең сенімді тірек боламыз.

Си Цзиньпин мақаласында қытайлықтардың дастарқанында қазақстандық өнімдердің соңғы кезде артқанын айтыпты. Қос елдің дипломатиялық келіссөздерде ұстанымдары да ұқсас. «Бейбітшілік пен азаттықты сүйеді біздің елдер. Дипломатиялық қарым қатынас орнаған 30 жылда сауда айналымы 368 миллион доллардан 41 млрд долларға дейін өскен».

Си Цзиньпин, Қытай Халық Республикасының төрағасы:

Қытай Қазақстанның негізгі сауда серіктесі, тауарларының ірі импорттаушысы. Жаңатас ЖЭС-і, Тұрғысын ГЭС-і сияқты стратегиялық маңызы бар жобалар сәтті іске қосылды. Шымкент МӨЗ-ді жаңғырту және реконструкциялау жұмыстары аяқталды. Қауіпсіз, әрі тұрақты негізде Қытай-Қазақстан мұнай және газ құбырлары жұмыс істейді.

Қытай басшысы өз ойын жаңа Қазақстанның тек жетістіктеріне тамсануға келе жатқан жоқпын деп түйіндеген. Әуел баста Шанхай бестігі болып құрылып, кейіннен Еуразия кеңістігінде әлеуеті қуатты ондықты біріктірген Шанхай ынтымақтастық ұйымында Си Цзиньпин сөз сөйлейді. Қытай энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған шикізат көздерін Қазақстаннан да молынан алмақ. Көрші елді мұнай-газ, сирек кездесетін металдар қызықтырады. Осы сапар аясында екі елдің экономикасын алға жетелейтін он шақты құжатқа қол қойылады деп күтілуде.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

04 қазан

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде