Қытай мен Қазақстан Транскаспий дәлізімен Қытай-Қазақстан-Еуропа көлік керуенін қосты
Қытай мен Қазақстан Транскаспий дәлізі арқылы Қытай-Қазақстан-Еуропа бағытындағы алғашқы көлік керуенін аттандырды. Тарихи сәт Қытай Халық республикасы төрағасының қазақ жеріне мемлекеттік сапарының екінші күні өтті.
Автор: Айжан Шамшидин
03.07.2024
Тараптар шағын және кең құрамда кездесулер өткізіп, мемлекетаралық, үкіметаралық, сауда-саттық жалпы — 31 келісімге қол қойды. Ежелден көрші елдер достығы мемлекет басшыларының қарым-қатынасынан, өзара ілтипатынан сезіліп-ақ тұр.
Сүліктей қара көліктерден тізілген Си Цзиньпиннің кортежі бүгін Астананың жаңбырлы таңында басты резиденцияға қарай бет алды. Сән-салтанаты келіскен еңселі Ақорда бүгін ресмиліктен тым ада. Әріптестер төс қағыстырып сәлемдескен соң, мейманның құрметіне Әуе қорғаныс күштерінің ұшақтары Қытай туымен түстес із қалдырып, қалықтап ұшып өтті.
Мемлекет басшылары алдымен шағын, кейін кеңейтілген құрамда келіссөздерді бастады. Талқыланып, қол қойылатын құжат та көп. Ең әуелі шақыртуды қабыл алып, қазақ жеріне ат басын бұрғаны үшін Си Цзиньпинге алғыс айтқан Қасым-Жомарт Тоқаев, «Қытай — қазақ халқына ешқашан жамандық жасамаған» деп, сөзін сабақтады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
— Біздің екі жақты қарым-қатынасымыз дамудың алтын кезеңіне өтті деп нық сеніммен айтуға болады. Екі ел арасындағы байланыс тұрақты, әлеуметтік, экономикалық дамуға, халқымыздың әл-ауқатын жақсартуға зор септігін тигізеді. Былтыр өзара тауар айналымы 41 млрд доллардан асты. Бұл рекорд көрсеткіш.
Қытай басшысы былтыр ғана Сиань мен Бейжіңде Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездескенін еске алды. Ілкімді жобалардың алғышарты сол кезде-ақ талқыланып қойған. Қытай төрағасы алпауыт державалардың өзі бір-бірінің қас-қабағына қараудан қалған тұста Қазақстанның бейбітшілікке, һәм көршілес мемлекеттермен қарым-қатынасын нығайтуға ден қойғанын ерекше атап өтті.
Си Цзиньпин, Қытай Халық Республикасының төрағасы:
— Қытай Қазақстанмен арадағы қарым-қатынасты әрдайым стратегиялық тұрғыдан және ұзақ мерзімді перспектива деңгейінде қарастыратынын растағым келеді. Сондай-ақ көршілес елдерге қатысты ұстанатын өзінің сыртқы саясатында Қазақстанға басымдық береді және Орталық Азиядағы маңызды серіктес ел санайды.
Сарапшылар бүгін қазақ-қытай қарым-қатынасын одан әрі нығайта түсетін маңызды құжаттарға қол қойылды деп санайды. Соның бірі — Астана халықаралық университетінің базасында Бейжің тіл және мәдениет университетінің филиалының ашылуы. Қысқа мерзімде тауар айналымын екі есеге арттыру үшін де жаңа міндеттер қойылды.
Олжас Бейсенбаев, «Қазақстандық қоғамдық даму институты» басқарма төрағасының орынбасары:
— Халықаралық істерде бұл екі жақты сенім. Өйткені халықаралық байланыста іргелес отырған мемлекеттерде шекаралық даулардың, қақтығыстың, аймақтық жанжалдың көбейіп келе жатқандығын байқап отырмыз. Осындай жағдайда мемлекеттер арасындағы сенім, өзара қолдау, өзара тең қарым-қатынас, бір-бірінің ішкі істеріне араласпау, яғни тұтастай алғанда, БҰҰ жарғысында көрсетілген негізгі қағидаттарды ұстану.
Ауыз толтырып айтатын келісімнің бірі — екі ел басшысы салтанатты түрде Транскаспий дәлізі арқылы Қытай-Қазақстан-Еуропа бағытындағы алғашқы көлік керуенін аттандырды. Бұл Ұлы Жібек жолының жалғасы іспетті. Бұған дейін Қара теңіздегі порттарға жүк жеткізу 53 күн болса, қазір небәрі 18 күн. Көлік дәлізі теміржол, теңіз жолы мен құрғақ портты қамтиды.
Жансая Нұралиева, қоғамдық саясат институтының бас сарапшысы:
— Біз ежелден айтсақ болады, иә, бұрынғы Ұлы Жібек жолымен Қытайдан Еуропаға көлік пен жүк тасымалдау одан әрі дами түседі. Бұл бағыттағы дамуды одан әрі қарай жалғастырады деген үміттеміз. Жоспар бойынша 2027 жылға дейін осы дәліз арқылы жүк тасымалын 10 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарлануда.
Қай заманда да көршімен тату болу — жазылмаған қағидаттың бірі. Бүгінгі қол жеткізілген келіссөздер соның нәтижесі. Жалпы алғанда бас-аяғы 31 құжатқа қол қойылған. Жобалар өнеркәсіп, энергетика, көлік, транзит, жасыл экономика, ауыл шаруашылығы салаларын қамтиды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!