Домбыраға өзге ұлт өкілдері де қызығады
Нағыз қазақ – домбыра! Елімізде шілденің алғашқы жексенбісінде Ұлттық домбыра күні атап өтіледі. Биыл мерекеге орай түрлі шаралар жоспарланып отыр. Ал алматылықтар домбыра күнін тойлауды бүгін бастап кетті.
Автор: Ақтоты Жұмабек
04.07.2024
Бұл айдың бірінші жексенбісі ұлттық өнердің бір жасайтын күні. Өйткені дәл осы күні Ұлттық домбыра күні атап өтіледі. Биыл мерекенің тойланып жатқанына 7 жыл. Әсіресе екі ішекті аспапты жанына серік еткендер бұл күнді асыға күтеді.
Сәуле Жанпейісова, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші:
— Алғаш рет осы мереке, Домбыра күні тойланады деген кезде бөркімізді аспанға атып қуандық. Домбыра — қазақтың жаны. Домбыра — халықпен мәңгі жасап келе жатқан киелі аспап. Оның киелігі домбыраның үнінде. Халқымыздың қаншама мұңы, сыры жатыр. Домбыраны қанша дәріптесек те, ол артық етпейді.
Мерекеге орай жылда түрлі флешмоб, концерт ұйымдастырылады. Алматылық домбырашылар мерекені тойлауды бүгіннен бастап кеткен. Алатау театрында домбырадан күмбірлеген күй әуелеп, ән төгілді.
Домбыраға тек қазақтар емес, өзге ұлт өкілдері де қызығады. Домбыра шертуді үйреніп жүргендердің бірі — Иван Червинский.
Иван Червинский, блогер:
— Бүкіл қазақ елін Ұлттық домбыра күнімен құттықтағым келеді. Домбыра күні қазақ халқына маңызды мереке.Домбыра жай аспап емес. Домбыра ның үнінен шыққан әрбір әуен тарихтан сыр шертеді. Әрбір күйде қазақ халқының тарихы, өткені мен бүгіні жатыр десем, қателеспеймін. Өзім домбыра үйреніп жүрмін.»Балбырауын» күйін ойнағанда, қазақ болмасам да, жүрегімді мақтаныш кернейді.
Ықылас Дүкенұлы атындағы музыкалық аспаптар мұражайы. Мұнда домбыраның 23 түрі бар. Оның ішінде күй өнерінің қос дүлдүлі Құрманғазы мен Динаның, Махамбет пен Абайдың, Жамбыл мен Шәкәрімнің, Кенен мен Нұрғисаның домбыралары сақталған.
Мұндағы жәдігерлер қатарында ерекше пішінді домбыралар көп. Үшем домбыра, қозықұйрық, екі жақты домбыра, алмұрт пішінді аспаптарға назар аудармау мүмкін емес. Өйткені домбыраның мұндай түрлерін халық тек осы жерден ғана көре алады.
Әдемі Мұратова, Ықылас атындағы халық музыка аспаптары музейінің гиді:
— Домбыра залында , мемориал қ аспаптар залы, бұл жерде 23 домбарының түрі бар. 22-сі түпнұсқасы, тек екеуі көшірме. Көшірме Құрманғазының домбырасы. Домбыраны негізге бөлетін болсақ, көбінесе ән немесе күй мектебіне қарап бөлінеді. Жұмырша нақты немесе қалақша пішінді. Қалақша пішінді домбыра Шығыс Қазақстанға тән стиль. Жұмырша, нақты домбыра көбіне Батыста немесе Солтүстік өңірде көп. Ең көнесі Махамбет Өтемісұлының домбырасы. Ол кісінің домбырасының 150 жылдық тарихы бар деп айтады. Музейге 1981 жылы әкелінген.
Ұлттық домбыра күнін тойлау жыл сайын қарқын алып келе жатыр. Қазақ барда, қара домбыра үні әуелей бермек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!