Шартарапқа мәлім болған Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті сәтті аяқталды
Шартарапқа мәлім болған Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті сәтті аяқталды. Әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары келелі келіссөздердің нәтижесін бүгінде жарыса жазуда. Ал отандық саясаттанушылар, Қазақстан бұл бірлестіктің отырысынан керегін алды деп отыр.
Автор: Айжан Шамшидин
05.07.2024
Талғат Қалиев, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының басшысы:
— Жалпы өткен саммиттің ерекшелігі бар. Өйткені, бұған дейін Шанхай ынтымақтастық ұйымының мұндай масштабта, мұндай қатысуымен саммиттер өткен жоқ еді. Ол ұйымда дүниежүзінің 45 пайыз халқы тұрады. Дүниежүзі экономикасының 15 пайызы сол елдерде. Сосын дүниежүзі саудасының 15 пайызы.
Астана тұрғындары бүгіннен бастап қалыпты өмірлеріне оралуда. Қоғамдық көліктер уақытылы қатынап, сол жағалаудағы қозғалыс қалпына келтірілді. Саммитке келген мәртебелі меймандардың басым бөлігі күні кеше кері қайтқан. Жалпы маңызды шараның қауіпсіздігін бас-аяғы 8 мыңға жуық тәртіп сақшысы күзетті. Кешегі күннің басты жаңалығы - саммит аясында «Астана декларациясы» қабылданып 20-дан астам құжатқа қол қойылды. Шанхай ынтымақтастық ұйымының басты жаңалықтарының бірі - одаққа Беларусьтің мүше болуы. «Самиттің кеңейтілген форматта өтуі, тараптардың жүздесіп, көзбе көз жаһандық мәселелерді талқылауына сеп болды» деп отыр сарапшылар.
Лидия Пархомчик, сарапшы:
— Жалпы Қазақстанның бағдарламасы жан-жақты, барлық мүше елдерге де оң өзгеріс әкелетін бағдарлама болды. Сондықтан да ұйымның абыройы өсті деп нық сеніммен айта аламын. Қазақстанның бүгінгі әлемдік бейбітшілікке, қауіпсіздікке қатысты бастамалары, экономикалық және әлеуметтік мәселелерге қатысты иедялары «Астана декларациясында» көрініс тапты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!