Танымал әнші Қайрат Нұртас сотталды
Танымал әнші Қайрат Нұртас сотталды! Бүгін сот оны 15 тәулікке қамауға алу туралы шешім шығарды. Бұған әншінің ұшақ бортында төбелес шығаруы себеп. Денсаулыққа қасақана зиян келтіргеннің жазасы осы. Енді Қайрат Нұртас алдағы 2 аптаға жоспарланған концерттерін кейінге шегеріп, шілденің аптап ыстық күндерін Шымкенттегі әкімшілік қамауға алынғандарға арналған қабылдау орнында өткізеді. Әуеде әншімен төбелескен Асылбек Бекқайыров та жазасыз қалған жоқ.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
05.07.2024
Бұл видеоға қарасаң Қайрат Нұртас пен Асылбек Бекқайыров арадан қыл өтпес дос секілді. Алайда, 20 жылдай араласып келе жатқан екеу ұшақта төбелесіп, бүгін соттан бір-ақ шықты. Әнші досын ұрып, оған жеңіл жарақат келтіргені үшін, бұған қоса, борттағы жолаушылардың тынышын бұзғаны үшін сотқа тартылған. Алайда, алғаш болып жұдырық ала жүгірген Бекқайыровтың өзі дейді өнерпаз. Айта кетейік, Астанада өткен сотқа Қайрат Нұртас Шымкенттен онлайн түрде қатысты. Әрі екеуі де бет-жүзін түсірмеуді сұрады.
Қайрат Нұртас:
– Мен тойға бара алмаймын деймін. Онда тойға бара алмасаң, на колени келесің дейді. Мен келмеймін деп боқтап жіберем. Сөйтіп, бұл тұрат та, мені самолеттің ішінде ұстап алып, басымен екі рет ұрып, сен маған, өзі боқтап, өзі көріп тұр ғой, қай жақтан боқтағанын айтпай ақ қояйын, сөйтіп менің басымнан екі рет ұрады. Сөйтіп, мен тұрам да намысым бар, тоже ұрам. Содан кейін тыныш отырам. Артымнан келіп тағы ұрады.
Бұл сотқа жәбірленуші ретінде қатысқан Асылбек Бекқайыровтың сөзі бұған қарама-қайшы. Айтуынша, бәленің бәрін бастаған Қайрат Нұртас.
Асылбек Бекқайыров:
– Самолетта мен барам, «Қайрат, не болды, осындай осындай шаруа, не боқтадың?» дедім. Ол да тағы боғауызбен қайтарады. Сол кезде екеуміз айқайласып жатқанда бортпроводник келіп мені ұстайды. Бортпроводник алып бара жатқанда, Қайрат мені ұрады. Сол кезде ұрылады, екеуміз айқайласамыз, жанжалдасамыз. Сонымен екеумізді екі жаққа отырғызады.
Ұшақта төбелес шығарған екеуді полицейлер күтіп алған. Жанжал бір ай бұрын Алматыдан Астанаға бағыт алған ұшақ бортында болыпты. Бүгінгі сотқа журналистерден бөлек, Қайрат Нұртастың анасы мен інісі де қатысты.
Гүлзира Айдарбекова, Қайрат Нұртастың анасы:
– Бұл жерде бір бас жарылған ешнәрсе жоқ. Ашуланды, ұрды, ол өзінің сдачасын берді да, басқа ешнәрсе болған жоқ. Әрі қарай шум болған жоқ. Тыныш отырды. Тек қана бір-біріне берген удары болмаса, халық ешқандай зардап шеккен жоқ бұл жерде.
Кейін Бекқайыров әкімшілік істі қысқартуды сұрады. Атағы жер жаратын әншінің өзі де соттан тек айыппұл салуды өтінген. Алайда, заң бәріне ортақ. Прокурор әншіні 15 тәулікке әкімшілік қамауға алуды сұрады. Соттың шешімі де осындай болды.
Ұлдана Сүлейменова, Астана қаласы Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы:
– Қайрат Нұртасович Айдарбеков ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 434 бабының екінші бөлігімен кінәлі деп танылсын. Және оған 15 тәулікке қамауға алу жазасы тағайындалсын.
Соттың мұндай шешім шығаруына бұзақылықтың бір жыл ішінде қайталануы себеп болған. Ал, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру бабы бойынша іс тараптардың татуласуына байланысты қысқартылды.
Ұшақта төбелескен Асылбек Бекқайыров та жазасыз қалған жоқ. Оның ісі бірер сағаттан кейін Алматыда қаралып, ұсақ бұзақылық жасағаны үшін ол да 10 тәулікке қамауға алынды. Бұған қоса, Қайрат Нұртастың денсаулығына жеңіл жарақат келтіргені үшін 55 мың теңге айыппұл төлеуге міндеттелді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!