Жыр болған жүргізуші куәлігі — екі ай сандалтып қойған
Жыр болған жүргізуші куәлігі! Алматы облысында автомектеп түлектері екі айдан бері көлік жүргізу құжатын ала алмай, сабылып жүр. Себебі, мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының базасы істен шығыпты. Жүйедегі ақауды мамандар мамырдан бері ретке келтіре алар емес.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
09.07.2024
Қарасай ауданындағы автомектептердің түлектері үшін жүргізуші куәлігін алу бас қайғыға айналған. Олардың мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығын торуылдап жүргеніне екі ай болған. Жұрт құжатты алу үшін мемлекеттік баж алымына дейін төлеп қойған. Кейбірінің көлігі де дайын тұр. Алайда, құжат алу үшін емтихан тапсыра алмай әлек.
Ғалия Жұмағалым:
– База істемейді деп, онлайн да қабылдамайды, былай да қабылдамайды. Саялыға барып тапсырайық десек, бір жарым ай дейді.
Мұндағылар жұртты қаладағы халыққа қызмет көрсету орталығына жібереді. Ал ондағы онлайн-кезек тамыздың соңы мен қыркүйектің басына келіп тұр екен. Күте-күте шаршағандар ашуын автомектеп қызметкерлерінен алып жатыр.
Асылзат Ералықызы, автомектеп қызметкері:
– Сіздер сол авто ХҚКО-ның жұмыс істемейтінін білдіңіздер, біліп отырып бізге айтпадыңыздар. Біз мемлекеттік баж алығын сол жаққа төледік дейді. Енді бізге соны қайтарып беріңіздер деген де хаттар болды. Біз курсанттарды парасыз куәлік алуға дайындаймыз. Бірақ ол өте қиындап кетеді.
Расында, қазір мекемеде жүргізуші куәлігін беру үшін теория не практикасынан емтихан қабылдау түбегейлі тоқтап тұр.
Бұл болашақ жүргізушілердің пратика бойынша емтихан тапсыратын орны. Автодром барлық талапқа сай етіп жасалған. Көліктегі жүргізушілердің іс әрекетін мамандар камера арқылы тікелей бақылап отырады. Алайда қазір автодром жұмыс істемей тұр. Аумаққа кіруге ешкімнің рұқсаты жоқ.
Жүйедегі техникалық ақаудың қашан жөнделерін мұндағы мамандар да нақты білмейді. Бір анығы, IT қызметкерлері олқылықты реттеуге барын салып жатыр дейді.
Мұхит Матаев, Қарасай ауданы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының бөлім басшысы:
– Қазір Қарасай ауданы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында жабық желі бағыттаушы жұмысында ахуалдар байқалып жатыр. Соны толық жұмысын қалпына келтіру жұмыстары атқарылуда. Қалай белгілі болады, барлық желі жүйелерінен, ақпараттық жүйелерден, оны хабарлайтын боламыз.
Ал жүргізуші куәлігіне қол жеткізе алмай жүргендер жөндеу жұмыстарының әдейі созбалаңға салынып жатқанына сенімді. Сондықтан бұл мәселені цифрлық даму министрі мекеменің жұмысын «майшаммен қараса» дейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!