Гарвард пен Оксфордтта оқытамыз деп алдап кеткен
Гарвард пен Оксфордтта оқытамыз деп алдап кеткен. Алматы мен Астанада Zeyn Qoi компаниясының клиенттері осылай деп шу шығарды. Серіктестік 10-сынып оқушыларын әлемнің ең үздік жоғарғы оқу орындарына түсуге дайындаймыз деп, 100 адамның әрқайсысынан 2 миллион теңгеден алған көрінеді. Дайындық сабақтары кесте бойынша жүргізіліп келіп кілт тоқтаған.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
10.07.2024
Енді ата-аналар ақшасын даулап жүр. Бірақ ол қаражат жуық арада қайтарылмайтын сыңайлы. Себебін КТК тілшісі біліп көрді.
Бұл ата-аналар әлемнің ең үздік университетіне ұл-қызын түсіреміз деп салы суға кеткен. Мектеп жасындағы балалар білім алуға зейін қоюдың орнына, қазір ақшасын даулап сабылып жүр.
Дастан Төкен, Алматы тұрғыны:
— Zeyn Qoi компаниясына келгенде Американың әр түрлі университін көрсетті. Күшті университеттердің бірі — Гарвард, Иель, Стэнфорд, Оксфорд, Кембридж. 15 айдың ішінде дайындаймыз деп айтты. Бірақ екі айдан соң ешқандай дайындық болмады.
«Дайындаймыз» деп сендіргені — IELTS-тен бастап, SAT сынды шетел білім ордаларына қажет сынақтар мен неміс, чех, түрік, италия тілдерін оқыту керек болған. Сол біліммен шетелдегі қалаған білім ордасына түсуі керек еді. Баласының болашағы үшін қай ата-ана аянсын. «Әрқайсымыз 2 миллион теңгеден жырып бердік» дейді.
Майра Байғазы, Алматы тұрғыны:
— Келісімшартта жазылды. Баламыз Америкаға грантқа стипендияға түсу керек болатын. «Егер балаңыз бір күн сабақтан қалмаса, 100 пайыз осы шарт орындаладыдеген. Екі ай бойы бір күн де қалмай сабақ оқыдық. Сәуір айынан бастап сабақ тоқтатылды. Кураторлар да, ешкім телефон тұтқасын көтермейді.
Бірақ желідегі парақшасы жұмыс істеп тұр. Тіпті өзге клиенттерді де қабылдауды тоқтатпаған. Ел-жұрттың басым бөлігі «әлеуметтік желідегі жарнамасына сеніп қалдық» деп отыр. Ақшасын даулап, бүгін батыстан Алматыға арнайы ұшып келгені де бар.
Камха Шегебаева, Ақтау тұрғыны:
— Оған дейін білмейтін едік. Бізге сату бөлімінің жас қыздары келді. Бізді сендіріп, мемлекеттік мектебімізге келіп жарнама жасады. Сосын сендік қой. Өзіміздің қазақтың адамы, шетелден келген жоқ, Америкадан келген жоқ, «Қазақстанда осындай мектеп бар» дегенге қуанып, Назарбаев мектебіне түсеміз деп ойладық қой. Сосын бөліп төледік. Бізде 2 миллион қайдан? Бөліп төлеп жатырмыз, ал оқып жатқан бала жоқ.
«Zeyn Qoi компаниясына алдандық» деген жұрт бүгін Астанада да наразылық білдірді. Жалпы ел бойынша полицейлерге шағым түсіргендер саны 100-ге жеткен. Қазір Алматыдағы тәртіп сақшылар тергеу жүргізіп жатыр.
Салтанат Әзірбек, Алматы ПД ресми өкілі:
— Аса ірі көлемде алаяқтық дерегі бойынша Бостандық ауданы ПБ қылмыстық іс тіркеліп, тергеуге алынды.Сот экономика сараптамасы тағайындалды. Алдын ала болжам бойынша, Қазақстан аумағында 100-ге жуық жәбірленуші бар екен. Барлығы ресми түрде шағымданды. Қазіржан-жақты тергеу, процессуал тергеу жүргізіліп жатыр. Объективті , жағдайды анықтау мақсатында.
Ал басы дауға қалған орталықтың кеңсесі бостұр. Директоры бізге жазбаша ғана жауап берді.
Дәулет Түймебай, Zeyn Qoi ЖШС директоры:
— Сәуір айында касса алшақтығы болды. Бұрынғы құрылтайшыларына қатысты 120 миллион теңгені жымқыру бойынша қылмыстық іс 14 сәуірде Бостандық ауданының полиция басқармасында тіркелді. Бірақ бұл мәселе бойынша әлі нәтиже шықпады. Сондай-ақ жала жабу мен іскерлік беделдің бұзылуына байланысты қазан айында 97 миллион теңгеге келісімшарттар бұзылды.
Жағдайымыз мүшкіл деп жыларман болған компаниядағылар «оқуды қайтсе де жалғастырамыз» деп сендірді. Бірақ бұл жерде емес. Өздеріне ұқсас өзге орталықтарда жүзеге асырмақ. Алайда осыған дейін талай мәрте сөз берген директорға бұқара сенбейді. Жұрт ақшасын қайтарып беруін талап етіп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!